Қарағанды облысында шаруалар заңды жолмен алған жерлерін пайдалана алмай отыр

Қарағанды облысы Молодежный кентінің шаруалары заңды жолмен алған жер телімдерін пайдалана алмай отыр. Себебі шекарадағы дәл сол телімдер Павлодар облысының фермерлеріне де беріліпті. Қолдарында тиісті құжаттары бар.

Сонда айналдырған бір жер телімі екі бірдей адамның атына қалайша рәсімделген? 

Темірлан Егізеков 2 мың гектар мына алқапқа биыл көп жылдық шөп өсірмек болған. Алайда жоспары жүзеге аспады. Павлодар облысынан екінші қожайын табылып, жерді босатуын талап еткен. 

Темірлан Егізеков, фермер:

- Біз өткен жазда жерді жыртып, дайындап жатқанбыз. Сол кезде механизаторларға белгісіз адамдар келіп, бұл жер біздікі, табандарыңды жалтыратыңдар деп қоқан-лоққы көрсетті. Енді не істерімізді білмей отырмыз. Биыл көктемде шөп егеміз деп жоспарлап қойған едік.

Қазір ауылдың 6 бірдей фермері осындай даулы жағдайда қалып отыр. 17 мың гектар жердің екі қожайыны бар. Тиісті құжатты Қарағанды облысының Осакаров ауданындағы және Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы жауапты мекемелер берген. Қос тарап та мұны мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне сүйене отырып жасағанын айтады.

- Мысалы, біздің отырғызғанды әр жақ көрмейді. Олардың отырғызғанын біздің Қарағанды облысының мамандары көрмейді. Тек осы шаруашылықтар координаттар бойынша өздерінің жер учаскесіне барған кезде екеуі бір жерге барады.

Осакаров ауданындағы жер қатынастары бөлімінің басшысы Береке Есіркеповтың айтуынша, бұл жер учаскесі Қарағанды облысына тиесілі. Бұл жайында мұрағат құжаттарында анық жазылған. 1952 жылы Қазақ ССР министрлер кеңесінің арнайы қаулысы шығыпты. Бар мәселе картаның дұрыс сызылмауынан туындап отыр, дейді ол.

Береке Есіркепов, Осакаров аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Әр тараптың, әр облыстың өз шындығы бар. Біз өз құжаттарымыз бойынша бұл жер біздікі деп жатырмыз, олар өз құжаттары бойынша біздікі деп айтып жатыр. Совет үкіметі кезіндегі правоустанавливающий, құқықты беретін постановление бар бізде. Сол постонавление бойынша Қарағанды облысының шекарасы бекітілген. Ал Павлодар облысында ондай құжат жоқ, тек карта бойынша сызылған, өздерінің ескі картасы бар. Бірақ ол картаны бекіткен нормативтік құжат жоқ ол жақта.

Талай жылдан бері шешілмей келе жатқан даулы мәселені аудан мамандары ауылшаруашылығы министрлігіне сан мәрте айтқанымен нәтиже болмай тұр. Сондықтан бұл жұмысты ширату үшін қазір шаруа қожалықтары сотқа жүгінді. 

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев