Банкрот болу: қарыздан құтылу ма, батпаққа бату ма

Банкрот деп танылан адамдар бес жыл бойы несие ала алмайды. Олардың шетелге шығуына да шектеу қойылады. Қаржы министрлігі жаңа заң жобасын әзірледі. Алдағы айда оны Парламент қарауына бермек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзін банкрот деп кімдер жариялай алады? Бұл өзгеріс – тұрмысы нашар жандардың жағдайын түзеуге септесе ме, әлде «банкроттық» болашағыңа балта шабумен бірдей ме? Сарапшылар не дейді?

Ел ішінде қыжыл бар. Ажырғыдан арыла алмай жүргендерді жиі көреміз. Қарыз қамыты мойын қажап, әбден титықтатып тастаған. Кіжінген жұрт «бізді банкрот десін» деп талап қойған-ды. Биліктегілер құлақ асып, заң жобасын әзірледі.  

Марат Сұлтанғазиев, ҚР бірінші қаржы вице-министрі:

– Жеке тұлғалар үш жағдайда банкрот бола алады. Біріншісі – табысы барлар сот арқылы қарызын бөліп төлеу мүмкіндігіне ие болады. Екіншісі – кезінде 5 млн теңге қарыз алып, онысын жарты жыл төлей алмағандар өзін банкрот деп жариялай алады. Ал үшіншісі – берешегі 5 миллион теңгеден асып кетсе, мәселесін сот қарастырады.

Соттың шешімі көптің көңіліне жақпайтын шығар. Сондықтан «банкрот болам – қарыздан оңай құтылам» деп бөрікті аспанға ату әсте ерте. Неге десеңіз, борышкердің атында кепілде тұрған үйі болса, сот оны аукционға шығарып, сата салады. Заңда бұған рұқсат етілген. 

Марат Сұлтанғазиев, ҚР бірінші қаржы вице-министрі:

– Шешімді сот шығарады. Әзірге кепілдегі үйді тартып алу жағдайлары болған жоқ. Бірақ жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданса, кепілдегі үйді аукционға шығарып сату мүмкіндігі қарастырылған.

Мұндай заң АҚШ-та да, кәрі құрлық елдерінде де, тіпті іргедегі Ресейде де бар. Ондағы жұрт банкрот болудан қорқады. Өйткені қолда барыңды түгел сыпырып алады. Ал бізде соттың өзін сан соқтырып кетемін деушілер табылатын шығар. Өз үйін туысының атына аударып, жағдайы жұтаң екенін көрсетуге талпынады бәлкім. Заңгерлер банкроттық туралы заң қабылданар болса, мұндай жағдайлар көбейіп кетеді деп қауіптенеді. 

Думан Базарбеков, заңгер:

– Біраз адам өз мүлкін туыстарының, таныстарының атына аударуға тырысады. Бұл – анық. Сөйтіп өздерін жағдайы жоқ адам ретінде көрсетіп, кредит төлемеудің амалын жасайды. Бірақ мұндай әрекеттің алаяқтық екенін ескеру керек. Ал қылмыстық кодексте мұндай қадамдарға барғандарға қатаң жаза қолданылатынын ескеру қажет.

Министрлік заң жобасын қоғам талқысына салған. Ал келесі айда Парламент қарауына беруді көздеп отыр. Қаржыгерлер болса, мұндай маңызды мәселеде асығыстық танытуға болмайды дейді.

Елена Бахмутова, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының төрағасы:

– Шешімді сот шығару керек. Сондықтан соттан тыс банкроттық рәсім дегенді алып тастау керек. Заң талаптары бәріне түсінікті болуы керек. Түрлі айла-шарғы қолданып, өзін банкрот қылып көрсетуге тырысатындардың жолын кесу қажет.

Банкрот болған адам 5 жыл бойы кредит ала алмайды. 3 жыл шетелге шығу мүмкіндігінен айырылады. Өлім-жітімге, емделуге баратын болса ғана шекарадан шыға алады. Сосын бір адамның тек 7 жыл өткеннен кейін ғана екінші рет өзін банкрот деп жариялауына болады. Заңда осылай деп көрсетілген.

Авторы: Дастан Сейілханұлы