СҚО-да бірнеше спорт кешенінің құрылысы аяқталмай тұр

СҚО-да бірнеше спорт кешенінің құрылысы аяқталмай тұр

Өңірдегі бірнеше спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы ұзаққа созылып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іргетасы осыдан бірнеше жыл бұрын қаланған нысандар әлі күнге дейін жұмысын бастаған жоқ. Үш жауапсыз мердігермен арадағы келісімшарт бұзылды. Аққайың ауданының орталығы Смирнов ауылындағы дене шынықтыру–сауықтыру кешенінің құрылысы 2019 жылы басталды. Мұнда әлі күнге дейін құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Себебі мердігер кестеден кешіккен.

Қуат Кеженев, мердігерлік фирма директорының орынбасары:

– Жұмысшыларымыз ауырған соң өзіміз де ауырып, карантин болды. Материал сосын екі есеге дейін қымбаттады ғой. Сосын жеткізушілер оларда кішкене кешігіп, сондай жағдайдан осылай кешігіп жатырмыз. Бірақ айдың аяғына дейін бітіруіміз керек.

Нысанда футбол, теннис және жаттығу залдары бар. Ауыл тұрғындарына арналған спорт кешенін тұрғызуға 500 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бірақ орталықтың есігі спортшылар үшін сол күйі жабық тұр.

Нұрлан Тельтаев, Аққайың ауданы әкімінің орынбасары:

– Заң бойынша біз тиісті шаралардың барлығын қабылдадық. Сотқа да жүгіндік. Қазір жұмыстар жүріп жатыр. Алматыдан қажетті жабдықтар келеді. Сәтін салса, жақын күндері нысан пайдалануға беріледі деген жоспар бар.

Әзірге ауылда салауатты өмір салтын ұстанатындар мектептерде жаттығуға мәжбүр.

Әйбек Исин, №1 орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі:

– Шаңғы дайындығы бар, воллейбол, ауыр атлетика, теннис үйрмелері бар. Одан басқа кешкі уақыттарда бізде полиция қызметкерлері аптасына екі рет дайындалады. Элеватор жұмысшылары жұмасына екі рет және де жұмасына үш рет ауыл тұрғындары кешкі уақытта дайындалып жаттығады.

Ал Талшық ауылындағы спорт нысанының құрылысына төлем толықтай жасалған. Бірақ жұмыстары сол күйі жанданар емес. Саумалкөл, Явленка және Пресновка елді мекендерінде мердігерлердің жауасыздығынан әкімдік келісімшартты бұзды. Себебі кей ғимараттың әлі қабырғасы да толық қаланбаған.

Майгүл Қажжан, облыстық құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы:

– Сәуір айында осы үш нысан бойынша конкурстық жұмыстар өткізіледі. Бұл нысандар жылдың соңына дейін тапсырылмақ.

Сонымен қатар бұл үш нысан бойынша корректировка жұмыстары жүргізілді. Сол жұмыстың нәтижесінде үш нысанға да 100 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінеді деп жоспарланып отыр.

Айта кету керек, мықты спортшылардың көбі ауылдан шығады. Мәселен, Смирнов елді мекенінің тумасы Сергей Усольцев наурыз айында Бейжіңдегі қысқы параолимпиада ойындарында ел намысын қорғайды.

Самат Қайырденұлы, Нұргүл Ахметова, Руслан Әлиев