Фермерлерге субсидия беру тетігін жетілдіру қажет – Сенатор

Елдегі шаруа қожалықтарын субсидиялауды тоқтатсақ, отандық агросала қыруар шығынға батады. Артынша фермерлердің жаппай наразылығын тудырып аламыз, дейді сенат депутаттары. Ақмола облысындағы Ақмол ауылына жұмыс сапарымен барған делегация жергілікті агросаланың даму қарқынымен танысып, аудан кәсіпкерлерімен кездесті.

Ақмола облысының ауыл шаруашылығы саласында қордаланған мәселе көбеймесе азаймаған. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен барған Парламент Сенатының бір топ депутаты айтты. Делегацияны бастап барған комитет хатшысы Ақылбек Күрішбаев Жерді ғарыштан мониторингтеу және қашықтан зондтау нәтижесінде алынған кескіндердің мағынасын ашып, түсіндіріп беретін маман тапшы екенін айтты.

- Мы получаем неплохие космоснимки с разных спутников, но не знаем как их расшифровать.

Ғарыштық мониторингке қаржы бөлінгенімен әдістемелік жұмыс ақсап тұр. Мұны толық игермей агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру туралы айту қаншалықты орынды, дейді сенаторлар. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік қызметтерді дамыту және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру департаментінің директоры Бернат Алпысбековтың баяндамасына сүйенсек, салада айтарлықтай даму бар.

Бернат Алпысбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директоры:

- Бүгінгі таңда субсидиялау бойынша мемлекеттік қызметтің 16 түрі цифрлық форматқа көшірілді. Оның ішінде 7 қызмет егіншілік бойынша, 4 функция мал шаруашылығында және қалған 5 қызмет қаржылық құрал бағытында қолданылады.

Ақмолдағы агрокомпанияның бұл диспетчерлік бөлімі өзге қалалардағы фабрикаларының қызметін қашықтан қадағалайды. 300-ден астам бейнекамера арқылы әр ғимарат ішіндегі жұмыс процесін, көліктер қозғалысын, тіпті сынап бағанын бақылайды. Өйткені ауа температурасы құс бордақылау кезінде аса маңызды. Спутниктік картадан қолданыстағы жер учаскелерін де көре алады.

Нұрсұлтан Қабдолов, диспетчерлік бөлім операторы:

- Жезқазған, Қарағанды, Арқалық, Екібастұз. Бізде Арқалық пен Қарағандыда жұмыртқа шығарады, ал Жезқазғанда бройлер өсіреді. Жүк көліктер бар, жеңіл көліктер де бар. Жеңіл көліктердің жүріп тұруын қараймыз. Ал жүк көліктерін көбіне жылдамдықты асырмауға.

Ақмол ауылында бройлер еті мен жұмыртқа өндіретін құс фабрикасына барып, қызметкерлерінің жалақы көлемін де білді.

Халықты жұмыспен қамту деңгейі кәсіпорынға бөлінетін субсидия мөлшеріне тікелей байланысты. Бірақ жәрдемақы өндіріс процесіне емес, өнім көлеміне қарай берілуі керек. Және әрбір фермер субсидияны нақты қай уақытта алатынын алдын ала біліп отыруына мүмкіндік беретін жәрдемақы жоспары немесе кезек кестесі болуы тиіс дейді, Ақылбек Күрішбаев. 

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл ойыншық емес субсидия деген. Әрбір қожалық соған қазірден дайындалып, алдын ала тыңайтқыш, гербицид пен тұқым сатып алды. Соған дайындалып отыр ғой. Олар енді ойлап отыр бізге субсидия береді деп. Жарты жыл ішінде субсидияны аяқасты жойып жіберетін болсақ, шаруа қожалықтарын құртып аламыз. Бұл өте қиын нәрсе, ертең фермерлер шығады митингке. Неге бізге бермей жатыр деп.

Диқандарға берілетін субсидия көлемін де арттыру қажет. Ал несиелік мөлшерлемені 4-5%-ке азайту керек. Еске сала кеткен жөн, осыдан 12 жыл бұрын субсидияның 15 түрі болса, қазір 40-тан асты. Бірақ саннан сапаға сөзден іске көшетін кез келді, дейді сенаторлар. Олар алдағы уақытта өзге де өңірлерге баруды жоспарлап отыр.

Мирлан Алтынбек, Ербол Даиров