Тәртіпсіздік кезінде залал келген бизнес шығыны қалай өтеліп жатыр

Жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге өтемақы төлене бастады. Алайда берілген ақша көңіл көншітпейді. Зардап шеккен кәсіпкерлердің шығыны қалай өтеледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаппай тәртіпсіздік кезінде Шымкенттік кәсіпкер Мерген Тапиевтің дәмханасы да бүлінді. Тамақтану орны әкімшілік іскерлік орталыққа жақын орналасқан. Бұзақылар нысанның терезелерін шағып, тұрмыстық техникаларды үптеп кеткен. Бейнебақылау камерасындағы жазбадан ғимаратқа 50-ден астам адам кіріп, астан-кестеңін шығарғанын көруге болады.

Мерген Тапиев, кәсіпкер:

– Қымбат-қымбат техниканы, компьютерлерді, планшеттерді алып кетті. Азық-түлікті, сусындарды алып кетті. Кассаны сындырды. Видеобақылау арқылы біз көрдік. Екі сағат осы жерді сағат төртке дейін отырған. Жәйбарақат шәй ішкен, тамақ ішкен сосын барып шыққан. Шығынның бәрін сатып алы, жұмыс істеп жатырмыз. Өз ақшамызға.

Қаңтардағы тәртіпсіздік салдарынан бизнеске келген шығын көлемі әлі есептеліп жатыр. Белгілі болғандай Шымкентте 29 нысанға бұзақылар басып кіріп, шабуыл жасаған. Олардың жетеуі мемлекеттен көмек күтпей, қалпына келтіру жұмыстарын өз қалтасынан жүргізді. Мамандардың алдын ала жасаған болжамы бойынша жалпы шығын көлемі 194 миллион теңгеден асады. Ал осы кәсіпкерлердің шығыны  қалай өтелмек?

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

– Оларға қажетті қолдау көрсету үшін Үкіметтік комиссияның шешімімен 5 млн теңгеге дейінгі ең жоғары төлем сомасымен жеңілдетілген механизм бойынша зақымдалған жылжымалы әрі жылжымайтын мүлікке, қалпына келтіруге келмейтін және жоғалған жабдықтарға да шығынды өтеу механизмі қарастырылды. Сонымен қатар өтемақы төлеу процесін жетілдіру жолындағы жұмыстар жалғаса береді.

Бүгінде ел бойынша бизнеске келтірілген шығын 100 млрд теңгеден асты. Зардап шеккен 1 615 бизнес субъектісі анықталды. Осы тұста бұзақылар сауда, логистика, тамақтану, қаржы секторы және бұқаралық ақпарат құралдарына шабуыл жасағанын айта кеткен жөн. 

Альбина Досщиева, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

– Жылжымайтын мүлікке залал келтіру бойынша сметаларды, шығындарды ұсыну қажет. Сондай-ақ жылжымалы мүлікке келтірілген залалды өтеу үшін аудиторлардың бағасын ұсыну керек. Ал ұрланған мүлік 2021 жылы орташа жылдық айналым негізінде есептеледі.

Еске салайық, залалды өтеу туралы өтінішті өңірлік комиссиялар 5 күн ішінде қарайды. Мақұлдаған жағдайда өңірлік комиссия қаражат бөлу туралы шешім шығарады.

Авторы: Наргиз Бекмағанбетова