Дарынды жеткіншек өзі оқитын мектепке сайт жасап берді

Алматы облысының Жансүгіров ауылында 7 сынып оқушысы өзі оқитын мектепке сайт жасап берді. Бұл жобаны Тимур Брижанов ұстазына өзі ұсынған. Екі жыл тынымсыз еңбектің нәтижесінде үш тілдегі ресми сайт жарыққа шықты. Мұнда ғаламтор пайдаланушылары мектептің тарихымен қоса, соңғы жаңалықтармен таныса алады. Жас өрен енді онлайн-кітапхана ашқысы келеді.

Дарынды жеткіншек сайт жасауға арналған тегін бағдарламаны қолданғанын айтады. Ұстазының кеңесімен қосымша әдебиеттерді оқыған. Авторлық жобасын әлі де жетілдіремін дейді. Алдағы уақытта ауыл мектебінің ресми сайтына QR-код арқылы кіруге болады.

Тимур Брижанов, оқушы:

– Сайтқа қосымша түрінде онлайн-кітапхана жасап шығарғым келеді. Ғаламтор қолданушы өзіне керекті әдебиетпен танысуына мүмкіндік туады. Сонымен қатар, мұнда оқушы мен мұғалім чат арқылы сөйлесе алады.

Тимур тырнақалды еңбегімен өңірлік шығармашылық жобалар байқауында жеңімпаз атанды. Жас өнертапқыш тағы бір сайт жасауды жоспарлап қойған. Оның айтуынша, ғаламтор қолданушылары Ақсу ауданы дүкендеріндегі азық-түліктің бағасымен таныса алады. Тамақтың сатылымда бар-жоғын, бастысы ең арзанын таңдауға мүмкіндік болады екен.

Тимурдың сыныптастары да ІТ-жобалар мен бағдарламаларды әзірлеуге ден қойған. Бірі түрлі мақсатта қолданылатын роботтарды жасап шығарса, енді бірі жылдың барлық мезгілінде санитарлық тікұшақ ұшып-қона алатын алаң моделін құрастырды.

Аружан Тұрсынбаева, оқушы:

– Бірнеше рет тікұшақтар апатқа ұшырады. Соны көргеннен кейін менде осындай идея пайда болды. Күн сәулесінен энергия алады, сол кезде бізге электр қуатыныңкерегі жоқ. Және осындай алаңды барлық жерде жасауға болады.

Гүлжан Құлынбаева, информатика пәнінің мұғалімі:

– Веб-сайт құрастыруға, сонымен қатар авиация саласына көп көңіл бөліп жатырмыз. Әр бала - дарынды. Сол дарындылықты аша білуіміз керек. Сондықтан қосымша сабаққа шақырып, әрқайсының жүрегіне жол табуға тырысудамыз.

Тимур Брижанов болашақта техник-бағдарламашы болуды армандайды. Қазір өз қабілетін шыңдауға көмектесетін байқаулардан қалмай қатысып жүр. Ол білім алатын Жансүгіров ауылы мектебінде 200 оқушы бар. Басым көпшілігі робототехника үйірмесіне қатысады.

Талғат Исламұлы, Қуаныш Түргенбаев