Мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет ету бойынша 15 іс қаралып жатыр

Қасым-Жомарт Тоқаев  бас прокурорды қабылдады. Ғизат Нұрдәулетов қаңтар оқиғасынан кейін 3 мың 70 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Оның 2710-ы ұрлық, тонау, бұзақылық, қару ұрлау сынды қылмыстар. Мемлекетке опасыздық жасау, өкілеттіктерді асыра пайдалану және билікті басып алуға әрекет ету бойынша 15 іс Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарауында.

Сондай-ақ арнаулы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актілері бойынша 179 істі тексеріп жатыр. Тәртіпсіздіктер өршіп тұрған кезде қызметтік ғимараттарды тастап кеткен күштік құрылымдар органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты бөлек тергеу жүргізілуде. Осындай әрекеттердің салдарынан Алматы қаласында, Алматы және Жамбыл облыстарында құқық қорғау органдарының арсеналындағы 1500-нан астам қару қылмыскерлердің қолына түскен.

Жалпы алғанда, қаңтар оқиғасы кезінде 3388 қару, оның ішінде 10 аңшылық дүкенінен 1629 мылтық ұрланған. Осының тек үштен бірі немесе 967 қару табылды. Қаруларды іздеу және қайтарып алу жұмыстары жалғасып жатыр.