Маңғыстауда меншік иелері бірлестігін құруға құлық болмай тұр

Маңғыстауда меншік иелері бірлестігін құруға құлық болмай тұр

Жаңаөзенде меншік иелері бірлестігін құру баяу жүріп жатыр. Былтырдан бері қаладағы 200-ден астам көп пәтерлі үйдің тек 40 процентінде бірлестік құрылған. Ал тұрғындар болса асығар емес. Бұрынғы жүйе қала берсін деген жұрт бірігудің игілігін әлі де дұрыс түсінбей жатқан сыңайлы, - дейді мамандар.

50 жастағы Қаржау Қалиев «Шаңырақ» шағын ауданында тұрады. Мұндағы он шақты үйдің біреуінде де әлі меншік иелері бірлестігі құрылмағанын айтады. Себебі тұрғындар жауапкершілік алудан қорқады, дейді. Өзі меншік бірлестігінің пайдасын алғаш болып түсініп, құруға ниеттенгенімен, көршілерінен қолдау болмапты. Сондықтан бас тартқан.

Қаржау Қалиев, қала тұрғыны:

– МИБ-ті мен алдым. Сенің 3 мың қарызың бар деп қайбірінің есігін соғып тұрамы? Сол жағы бар. Алуға болады негізі. Жүгіруі бар. Жұмысынан қашамыз. Халық ай сайын беріп тұрса, МИБ жақсы ғой.

Қаржау Қалиев сияқты өзге тұрғындар да бірлестікке қарсы емес. Бірақ әзірге бұрынғы пәтер иелері кооперативі қала берсін,–дейді. Басты себеп, істі жүргізетін адам жоқ. Екіншіден, пәтер жалдаған тұрғындар өз бетімен қаражат жинамайды. Үшіншіден, жаңа жүйені халық әлі дұрыс түсінбеген.

Есіркеп Ноғаев, қала тұрғыны:

– Уақытша тұратын тұрғындар пакеттерін қоқыс контейнеріне салуға ерінеді. Подьезд сыпыру, есіктің алдын тазалау, оны қайта-қайта айтқанның өзінде зорға алдырып отырмыз. Тұрғылықты тұратын. Жауапты адам жоқ.

 

Ал бұл үйдің сырты алыстан көз тартады. Мұндағы тұрғындар Жаңаөзенде ең алғаш болып меншік бірлестігін құрған. Себебі, бірауыздан үйдің осы жағдайын сақтап қалуға тырысады. Өйткені, 60 пәтерлі бұл үй 1 жыл бұрын адам көргісіз күйде еді. Едені түсіп, тозығы жеткен ғимаратқа былтыр күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жылу және кәріз құбырлары түгелдей жаңасына ауыстырылған.

Гүлшара Назарымбетова, меншік иелері бірлестігінің төрағасы:

– Қаражатты жайлап жинап жатырмыз, шотымызды жекеменшік аштық. Заман талабына сай ПИК біртіндеп жабылады деді. Сырлау бар, жертөледен құбырлар жарылып жатады, қаражатымызды сондайға жұмсаймыз.

Жаңаөзенде бас-аяғы 262 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның тең жартысына күрделі жөндеу қажет. Әзірге 26-да ғана мүлік меншік бірлестігі құрылған. 59 жәй серіктестік құрған. Бұл аз. Әкімдік өкілдері адамдар жаңа жүйеге бейімделгенше ақыл-кеңес беріп тұратындарын айтады.

Сүйіндік Мұхамедов, Жаңаөзен қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

 – Жаңаөзен қаласы бойынша қиындықтар көп. Әр демалыс күндері аула аралап жүреміз, тұрғындар түсіңкіремейді. Бұл өте тиімді, бір үйдің қаражаты сол үйдің өзіне жұмсалады. Бізде қазір қызметке қанағаттанбайды тұрғындар, мен деген бәленбай ақша төлеп жатырмын, қайда деп, жаңағы жағдайда қаражатын өздерін бақылауда алады.

Бөлім басшысының айтуынша, қазіргі таңда тағы да 10 үйдің тұрғындары меншік бірлестігін құруға дайындалып жатыр. Мамандар әр күн сайын түсіндіру шараларын жүргізуде. Себебі биыл 1 шілдеден бастап ПИК жұмысы аяқталады.

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев