Семейде қоқысқа қатысты шағымдар толастамай тұр

Қала шетіндегі тұрғындар қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының толып жатқанына наразы. Сондай-ақ халық осы қоқыс полигонының иесі, қалалық мәслихаттың экс-депутаты Рафаил Хазиповтың дәрменсіздігіне де шағымданып отыр. Мұндағы жұртшылық қоқыстағы улы қалдықтар адам денсаулығына зиян келтіреді деп алаңдайды. Ал қаладағы жалғыз полигонның иесі «жаңа жер телімі берілсе, оны жабуға дайынмын» дейді.

Көп балалы ана Алия Есімханова былтыр қала шетіндегі жаңа ауданға қоныс аударған. Ол осы жерден мемлекеттік бағдарлама бойынша жалға берілетін баспанаға ие болыпты.

«Алайда қоқыс тастайтын үлкен полигонмен көрші тұратынымды ойламадым», - дейді кейіпкер.

Алия Есімханова, қала тұрғыны:

- Күз ауа уақытысында мына свалка өртеніп, иісі жаман болып, иісі шығып, балаларға зияны келгеннен кейін шағым жасадық. Бірақ ешкім шара қолданған жоқ. Мұның артында депутат па, кім тұрғанын білмедік. Осы жағына көмектессеңіздер деп сұраймыз. Свалканы мына жерден алып тастасын.

Тұрғындар өткен жылы да қоршаған ортаны қорғау бойынша шұғыл шаралар қабылдауды сұрап прокуратураға арызданған. Олар өз шағымдарында полигондағы қалдықтардың сұрыпталмайтынын, үйіндіге айналып өртелетінін айтқан. Былтырлары полигондағы өртті 4 күн бойы сөндіре алмаған. Жалпы Семейдегі экологиялық мәселе баяғыда шешілмей келеді. Үнемі қала қоқысқа көміліп жатады.

Мамыр Ботабаев, ШҚО бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор:

- Семей қалалық қоқыс полигоны елді мекенге жақын орналасқан, сондықтан ол тұрғындарға үлкен зиян келтіреді. Әсіресе қалдықтарды жағу кезінде, өйткені ол жерде химиялық реакция жүреді. Ал қоқыс полигонын қаладан тысқары көшіру бұл өте өзекті қажет ететін мәселе дер едім.

Рашид Шерубаев, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары:

-Бүгінде Семей қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен 8 мекеме айналысады. Бұл кәсіпорындар 1417 көпқабатты тұрғын үйге және жеке сектордың 8,5 мың үйіне қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда қолданыстағы тариф 190 теңгені құрайды. Сонымен бірге, тұрғындардың арыз-шағымдары негізінде әкімдік Хазиповке шара қолдануды сұрап, бірнеше рет жүгінгенімен, ол талаптарды елемеуде. Оның үстіне Хазипов тарифті 2,5 есеге көтеру мәселесін көтеруді талап етті.

Хазиповтың өзі 49 жылға жалға алған полигонды жауып, қаладан алыс жерде жаңасын ашуға дайын. Ол үшін Семей қаласының әкімдігінен жер телімін беруді талап етеді. Бірақ бұл үшін тендер өтуі қажет. Ол кезде полигонның қазіргі иесі ұтады ма, басқа адам ұта ма оны айту қиын. Себебі өңірде бәсекеге қабілетті, қалдықтарды өңдеу зауытын салуға қарсы емес тың жобалары инвесторлар жетерлік. Ал тұрғындардың шағымына қатысты полигон иесі былай деп жауап берді.

Рафаиль Хазипов, қоқыс полигонының иесі:

- Қоқыс алаңы 30 жыл бойы ешкімді мазалаған жоқ. Ал кенет бізде әкімдер пайда бола қалды. Олар халықты  уайымдағансып отыр. Қала әкімдігі маған жаңа жер беретін болса, жаңа полигон салуға дайынмын.

Мәселені жаңа полигон салу арқылы шешуге болады және ол қажет, деп есептейді әкімдік. Жаңа нысан экологиялық стандарттарға сай болады. Бірақ бұл қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының қазіргі басшылығы үшін тиімсіз. Олар жаңа жобаға жан-жақты кедергі жасауда. Әзірге тұрғындар қоқыс толып жатқан жәшіктердің суреттерін әлеуметтік желіде жариялауды жалғастыра бермек.  Дегенмен халық  бұл мәселеге құзырлы органдар тарапынан нүкте қойылатын болады деп үміттенеді. 

Нұрбек Байбосын, Асем Өтешева, Медет Өмірханов