Халықты жұмыспен қамту министрлігін құру ұсынылды

Мәжілісте еңбек ұжымдарының неліктен митингке жиі шығатыны да талқыланды. Бұған әуелі жалақының аздығы себеп болып отыр. Дәл осы еңбекақы мәселесі ұжымдық келісім-шарттарда көрініс таппаған дейді депутаттар. Осыған орай олар Үкімет басшысының атына бірқатар сауал жолдады. Олардың арасында халықты жұмыспен қамту министрлігін құру туралы ұсыныс та бар. 

Жалақының мардымсыздығына көбіне мұнайшылар шағымданады. Алайда статистика бойынша олардың табысы елдегі орташа айлықтан екі есе көп. Бірақ мәселе ашкөздікте емес. Қағаздағы көпірме есепті Президенттің өзі де көзбояушылық деп сынаған болатын. Жұмысшылардың шамына тигені соңғы 7 жылда мұнай бағасының 1 баррелі  95 долларға дейін қымбаттауы. Бұл аздай былтыр қара алтын экспорты 68 миллион тоннаға жетті. Алайда мұнайшылардың табысы артқан жоқ. Жаңа жұмыс орындары ашылмады. Керісінше еңбеккерлердің саны мейлінше қысқарды. Өйткені кейбір құрылымдар аусторсингтік компаниялардың құзырына берілді. Мұның жемісін кәсіпорын басшылары көрді. Ал қарапайым халық жұмыстан қағылды. Экономикалық жүйеге де кері әсерін тигізді, дейді депутаттар.

Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазір жұмысшылар негізгі және қосалқы кәсіпорындардың қызметкерлерін штатқа қайта қабылдап, еңбек шартын сәйкестендіруді талап етуде. Бұл кезек күттірмес мәселе. Алдымен кәсіпорын ішіндегі жалақы айырмашылығына тыйым салу  керек.  Сонымен қатар аусторсингтер мен аутстаффингтердің қызметіне мораторий енгізу қажет. Ол үшін Еңбек және халықты жұмыспен қамту министрлігін құруды ұсынамыз. Оны вице-премьермен тең дәрежедегі министр басқаруы тиіс. Сапалы жұмыс орындарын құрып, кедейлікпен күресу ведомствоның негізгі міндеті.

Кезек күттірмей шешуді талап ететін тағы бір мәселе – еңбек келісім-шарты. Бұл құжат жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы дау-дамайды ушықтырмай реттеуі керек. Сорақысы сол, еңбек шарттарында жалақы мәселесі көбіне көрініс таппайды екен. Осылай деп ашынған Екатерина Смышляева соңғы 2 жылда үш жақты келісім-шартқа аймақтық деңгейде мемлекет пен жұмысшылардың арнайы өкілі қол қоятынын айтты. Алайда депутаттың пікірінше, көптің сөзін сөйлейтін кәсіподақ басшысын шын мәнінде жұмыс берушінің өзі тағайындайды.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Былтыр үш жақты комиссия әкімдердің басқаруына берілді. Алайда бұл тек қағаз жүзінде қалып отыр. Өңір басшылары жоспарды орындау үшін ұжымдық келісімшартты талап етеді. Бүгінде оның саны 150 мыңнан асты. Алайда сапасы сын көтермейді. Бұл ретте тиісті комиссияның құрамын қайта қарау қажет. Тексеріс жүргізіп, еңбекақы бойынша арнайы бөлім енгізілуі тиіс.

Жер қойнауын пайдаланушылар да депутаттардың назарына ілікті. Оларға миллиардтаған қаржы бөлінді. Алайда оның дұрыс игерілуін жауапты министрлік бақыламайды. Бұл мәселені өткір сынаған мәжілісмендер пайдалы қазбалар саласында серпіліс жасайтын ғылыми зерттеулердің жоқтығын айтты.

Назерке Әбдірахманқызы