Ақмола облысында дәрігер тапшылығы шешілмей келеді

Ақмола облысында біраз жылдан бері дәрігер тапшылығы шешілмей келеді. Аудандарда медицина мамандарына арнап үйлер салынып, облыстық бюджеттен қаржылай көмек те жасалып жатыр. Алайда кадр тұрақтамайды. Қазір аймақта 300-ге жуық дәрігер жетіспейді. Бұған не себеп? Мәселенің шешімі бар ма?

Дәрігер тапшылығынан тауқімет тартып отырған өңірлердің бірі Атбасар ауданы. Мұндағы аудандық емхана мен аурухананың толыққанды жұмыс істеуі үшін 25 медицина маманы қажет. Олардың көбі терапевтер. Акушер-гинекологтар мен анестезиологтар да керек. Ал мұның бар зардабын басы ауырып, балтыры сыздаған жергілікті халық қатты сезінеді.

Бақытжамал Исмағанбетова, Атбасар қаласының тұрғыны:

- Мәселен, маған терапевтке көріну өте қиын болды. Дәрігердің қабылдауына жеткенше екі апта уақыт өтті. Біз де нефролог та жоқ. Ол үшін Көкшетаудағы ақылы емханаларға бару керек. Басқа да біраз дәрігер жетіспейді.

Татьяна Коваленко, Атбасар қаласының тұрғыны:

- Мен анаммен келген кезде талай рет ұзын-сонар кезекте тұрғанбыз. Терапевттің қабылдауын босқа күтіп, кейін қайтқан күндеріміз де болған. Сондықтан бізге мықты дәрігерлер керек. Әйтпесе, басқа мамандарға да салмақ түсіп жатыр.

Басқа дәрігерлерге салмақ түсіп жатқаны айтпаса да түсінікті. Мәселен, бір терапевт қазір 3-4 аумаққа қызмет көрсетуге мәжбүр. Ал бұл сапаға әсер етпей қоймайды. Жүктеменің шамадын тыс екенін аурухана басшылығы да мойындайды. Бірақ, басқа амал жоқ. Біз барынша жағдай жасап жатсақ та ауданға келгісі келетіндер аз, дейді олар.

Зарыққан Шаубаев, Атбасар аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Біз жыл сайын медициналық университеттердің бос орындар жәрмеңкесіне қатысып, жас мамандарды жұмысқа шақырамыз. Оларды ең алдымен баспана мәселесі қызықтырады. Былтыр Атбасарда дәрігерлерге арнап 25 пәтерлі тұрғын үй салынып, соның арқасында біраз қызметкер келді. Артық жұмыс істеп жатқан мамандарға тиісті үстемақысы төленіп жатыр.

Ал білікті кадрлардың тұрақтамауына бірнеше себеп бар. Алдыңғы орында жалақы мен жақсы жағдай болса, кейінгісі елорданың жақын орналасуы. Яғни тәжірибе жинап алған дәрігер айлық табысы жоғары астанада жұмыс істегісі келеді. Сондықтан оларды ұстап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз, дейді жауаптылар.

Нариман Сыздықов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Ауруханада қаншама хирургтар мен акушер-гинекологтар болғанымен олар анестезиолог-реаниматологсыз операция жасай алмайды. Ондай аудандар бізде, өкінішке орай, бар. Сондықтан осындай арнайы мамандарды тарту үшін қазір олардың еңбекақысын 1 млн теңгеге дейін көтеруді қарастырып жатырмыз. Жалпы өткен жылы облыста 400-ден астам дәрігер жетіспейтін. Осындай жан-жақты қолдаулардың арқасында биыл тапшылықты едәуір азайттық. 

Одан бөлек ауылға жұмыс істеуге келген жас мамандарға да жергілікті бюджеттен 1 млн теңге қайтарымсыз қаражат беріледі. Сондай-ақ облыстық әкімдіктен жыл сайын медициналық мамандықтарға 50 грант бөлініп жатыр. Студенттер оқуын тәмамдаған соң аймақта қызмет етуге міндеттеледі. Сондай-ақ жас дәрігерлерге енді шет елдерде тәжірибе жинауға мүмкіндік жасалмақ. Аталған шаралардың барлығы өз нәтижесін беріп жатса, жергілікті билік өкілдері алдағы 2-3 жылдың көлемінде кадр тапшылығын шешеміз, деп сендіріп отыр. 

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный, Евгений Шинкаренко