Сайрам тұрғыны саңырауқұлақ өсіріп, табысқа кенелді

Сайрам тұрғыны саңырауқұлақ өсіріп, табысқа кенелді

Түркістан облысында кәсіпкер саңырауқұлақ өсіріп, табысқа кенеліп отыр.

Сайрам ауданы Қарасу ауылының тұрғыны Голландиялық технологиямен жабдықталған жылыжайда қозықұйрықтың жергілікті сортын егіп, кәсібін дамытуда. Кәсіпкер өткен жылы мұнда саңырауқұлақ өсіру үшін 12 бөлме жасақтаған. Әзірге соның үшеуіне 600 қапшық қозықұйрық ұрығын орналастырып, ай сайын 5 тонна өнім жинайтынын айтады. Жылына 60 тоннаға дейін өнім алуға мүмкіндік бар екен. Бағбанның айтуынша, дайын өнімге Сайрам ауданынан бөлек, Шымкент, Алматы қалалары мен Түркістан, Жамбыл облыстарында да сұраныс өте жоғары.

Нұржігіт Шәріпбек, кәсіпкер:

– Күніне тонна шығару үшін 12 бөлмені қосуымыз керек. Ол кезде 1 күнде 1 тонна шығара аламыз. Соны жәй-жәй қосып келе жатырмыз. Табысты-табысқа қосып, өзіміздің қаражатқа істеп жатырмыз қазір. Бір жылда бәрін қосамыз деп отырмыз.