Алматы облысы Көксу ауданында жеке бас куәлігі жоқ адамдар тұрады

Алматы облысының Көксу ауданында жеке басын куәландыратын құжаты жоқ адамдар тұрады. Бірі көп балалы ана, екіншісі сырқат жан. Олар куәліктің жоқтығынан мемлекеттен көмек ала алмай отыр.

Татьяна Баталованың ата-анасы 1995 жылы Ресейдің Алтай өлкесінен Қазақстанға қоныс аударған. Біздің кейіпкеріміз ол кезде небәрі 7 жаста болыпты. Бүгінде өзінің үш баласы бар. Төртіншісіне аяғы ауыр. Орта мектепті Көксу ауданындағы Балпық би ауылында бітірсе де оның әлі күнге дейін жеке басын куәландыратын құжаты жоқ. Сол себепті мемлекеттен ешқандай жәрдемақы ала алмайды.

Татьяна Баталова, Балпық би ауылының тұрғыны:

- Мен мектепті бітірген жылы анамның құжаты болмаған. Сол себепті маған да бермеді. Қызымның туу туралы куәлігінде жеке сәйкестендіру номері көрсетілмеген. Екі ұлымның туу туралы куәліктері жоқ. Қажетті анықтамаларды жинап қойдым. Оны Алматы қаласындағы Ресей елшілігіне тапсырайын десем, біршама қаржы кетеді екен. Әзірге менде ондай ақша жоқ.

Ауылдық әкімдіктегілер Татьянаға орыс мәдени орталығы мен жергілікті кәсіпкерлердің қаржылай көмек көрсететінін айтты.

«Құжаттары рәсімделген соң оның мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектерді алуына да жәрдемдесеміз», - деді жергілікті билік өкілдері.

Төлеген Қожабеков, Балпық ауылдық округінің әкімі:

- Орыс мәдени орталығы бар, татар мәдени орталығы бар, олармен сөйлесіп, осы Баталова Татьянаға қағаз құжаттарын дайындауға, орыс консулдығына апарып, жолына қаражат табуға көмектесеміз. Құжаттары бар, балаларының құжаттары бар, қанша қаражат кетеді, уақытында жинап, бірдеңе етіп тырысамыз енді. 

Ал осы ауданға қарасты Қаратал ауылының тұрғыны Петр Кондратенко өзінің жеке басын кәуәландыратын құжатын еліміз тәуелсіздік алған жылы жоғалтып алыпты. Содан бергі уақытта қалпына келтірмеген. «Құжатыңызды неге жасатпай жүрсіз?» деген сауалымызға былай жауап берді. 

Петр Кондратенко, Қаратал ауылының тұрғыны:

- Дауысым жіңішке болғандықтан адамдар сыбырласып, маған күлетіндей болып көрінеді. Сосын жүйке жүйем шыдамай, қолымды бір сілтеп, кетіп қаламын. Әскери билетімді өзім жасатқам. Еңбек кітапшам, туу туралы куәлігім бар. Жеке басымды куәләндыратын құжатым ғана жоқ. 

Ерлан Мәмбетбаев, Көксу аудандық ПБ Көші-қон қызметінің инспекторы:

- Еңбекші ауылдық округінің әкімшілігімен бірлесе құжаттарын жинап, оны қазіргі кезде Алматы облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасына жібердік. Қазіргі кезде азаматтығын тану туралы қорытынды шығарылып жатыр. 

30 жыл бұрын паспортын жоғалтып алған Петр Кондратенконы Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігімен құжаттандыру мәселесі жуық арада шешіледі. 

Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов