Алматы облысында қарақұйрық саны 11 мыңға жетіп қалды

Алматы облысында қарақұйрық саны 11 мыңға жетіп қалды

Алматы облысындағы қарақұйрық саны 11 мыңға жетіп қалды. Соның тең жартысына жуығы «Алтынемел» ұлттық мемлекеттік табиғи саябағын мекендейді. Ал ондағы 1986 жылы Барсакелмес аралынан әкелінген құландардың саны бүгінде 3600 бастан асты.

Жетісу жеріндегі Тянь-Шань арқарының саны 2700-ге, бұхар кермаралының саны 800-ге жеткен. Жабайы аңдарды санау жұмыстары атпен және автокөлікпен жүргізіледі. Ескерте кететін бір жайт, мұндай санақ барысында 20 проценттік ауытқушылық болуы мүмкін. Қызыл кітапқа енген жан-жануарлардың көбеюіне ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы жұмыстардың дұрыс жолға қойылуы оң әсер етіп отыр. Есесіне ұлттық саябақ аумағындағы қорек азайып барады. Сондықтан ондағы жабайы аңдарды ел аумағындағы өзге қорықтарға апарып, көбейту жұмыстары да қызу жүріп жатыр.

Нұрқуат Қонысбаев, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:

– Біз құланды басқа облыс аумақтарына жіберу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мәселен, «Андасай» қорығы аумағына Жамбыл облысындағы 2011 жылдан бастап 150 бас жібергенбіз. Биыл жаңадан құрылып отырған «Іле-Балқаш» резерватының аумағына 100 бастай құлан жібереміз. 100 бас тоғай кермаралын жіберіп жатырмыз жаңағы резерват аумағына. Бұл Тұран жолбарысын жерсіндіру бағдарламасының аясында жүзеге асып жатқан жұмыстар.