Шалғай ауылдарда азық-түлік арзандатылған бағамен сатылуда

Павлодар облысында шағын ауылдарға әлеуметтік маңызға ие азық-түлік түрлері тасымалдана бастады. Облыс орталығынан шалғай жатқан Ертіс ауданы тұрақтандыру қорымен тікелей байланыс орнатқан. Осының арқасында  қант, күнбағыс майы, жарма дақылдары мен макарон өнімдері ауыл халқы үшін едәуір  арзанға түсіп отыр.

Сергей Елишевтің зейнетақысы елу мыңнан сәл ғана асады. Ол азық-түлікті келесі айға жеткізу үшін молынан алады. 

Сергей Елишев, зейнеткер:

– Менің зейнетақым көп емес. Ал мұнда бәрі арзан. Сондықтан осында келемін. Күнделікті тұтынатын тағамның бәрі бар.

Аудан орталығында ашылған әлеуметтік дүкенге азық-түлік облыстық тұрақтандыру қорынан жеткізіліп,  әрі қарай шағын ауылдарға таратылады. Иса Байзақов ауылы ең шалғайда жатқан елдімекендердің бірі. Қазір дүкендегі кейбір тауарлар қаладағы бағамен салыстырғанда, едәуір арзан бағамен сатылады.

Ұнның бір келісі - 142, қант - 277, қарақұмық  - 358 теңге тұрады. Дүкенде әлеуметтік азық-түлік түріне жататын күнбағыс майы, жұмыртқа, тұз, макарон өнімдерінің бәрі жеткілікті деңгейде.

Алтынай Аймұханова, Иса Байзақов ауылының тұрғыны:

– Аудандағы басқа дүкендерде қанттың бір келісі 400 теңгеге дейін барады. Ал әлеуметтік бағамен 277 теңгеге сатып алуға болады. Бұл ауыл адамдары үшін үлкен қолдау.

Еркін Ескендіров, Ертіс аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:

– Ауылдық округтер азық-түлікті тұрақтандыру қорының серіктестерінен алады. Қосымша құн бар жоғы 5 процентті құрайды. Бүгінгі күні барлық ауылда әлеуметтік сөрелер бар.

Азық-түлік бағасына мониторинг күн сайын жүрігізіледі. Күнделікті тұтынатын тауар құнын негізсіз көтеруге жол берілмейді. Өткен жылдың күзінде әкімдік аудандағы диірмендермен меморандумға отырды.  Қазір облыс бойынша ең арзан нан Ертіс ауданында. Бір бөлкесі 85 теңге тұрады.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс  Темірболат