Көше сыпырып, қар күрейді: кәсіпкер ойлап тапқан машина әкімдікке неге ұнамай қалды?

«Тегін грант қайтарылсын!» Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі кәсіпкерге осындай талап қойып отыр. Петропавл қаласының тұрғыны Евгений Борисевичке асфальт сыпырып, қар тазалауға арналған агрегат ойлап тапқаны үшін мемлекеттен 4 миллион теңге көлемінде грант берілген. Бұл қаражатқа өнертапқыш жобасын жетілдіріп, паттентеп алған.

Алайда облыстық кәсіпкерлік басқармасы «ақшаны тиісті мақсатқа игермедің» деп сотқа жүгінген.

Бұл тіркемелі көше тазалау машинасы. Техниканы жасау үшін Евгений Борисевич бірнеше жылын сарп еткен. Оның айтуынша, әзірге елімізде мұндай құрылғының баламасы жоқ. Жазда көше сыпырады, ал қыста қар тазалай алады.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Бұл агрегат автоматты түрде жұмыс істейді. Және бір сағатта шамамен 54 мың шаршы метр аумақты тазалай алады. Тағы бір ерекшелігі 30 адамның еңбегін бір өзі атқарады.

Өнертапқыштың машинасы комбайн принципіне негізделген. Яғни қармен қоқысты жинап, иірмек арқылы тіркемеге көтереді. Қажет болса, көшені шаңдатпау үшін су себеді. Евгенийге 2020 жылы инновациялық жобасын жетілдіруге мемлекет тарапынан 4 миллион теңге көлемінде грант берілді.

Евгений Борисевич, кәсіпкер:

- Мен алған ақшаны толығымен игердім. Ол қаржы тіпті керек дүниеме жетпей қалды. Екі бірдей машина құрастырдым. Олар міне дайын тұр. Бұл техниканың құны қазір шамамен 18 миллион теңге.  

Қайтарымсыз грантты қайтаруға не себеп болды? Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін әкімдік өкілдеріне жүгіндік.

Нұржан Садықов, облыстық кәсіпкерлік ЖӘНЕ ИИД  басқармасы басшысының орынбасары:

- Заң бойынша арнайы комиссия мемлекеттік грант ұтып алғандардың жобаларына мониторинг жасайды. Сондай тексеріс кезінде мамандар бұл кәсіпкердің жобасы әлі жүзеге аспағанын анықтаған. Кейін бөлінген қаржыны банктен өзі шешіп алған. Талап бойынша бұл қаражат қолма-қол шешілмеуі керек. Оның үстіне тиісті есеп-шоттары да жоқ. Сондықтан біз оны сотқа бердік.  

Жалпы 2020 жылы Солтүстік Қазақстан облысында азаматтарға 116 миллион теңгенің 30 мемлекеттік қайтарымсыз гранты берілді. Ал оның 5-і қазір сотта қаралып жатыр. Себебі бұл азаматтар «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарамасында көрсетілген талаптарды орындамаған.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев