Қызылорда облысында күріш алқабының көлемі тағы қысқарды

Қызылордалық диқандар күріш алқабын 3600 гектарға қысқартуға мәжбүр. Өйткені Сырдарияның төменгі ағысына түсетін су көлемі былтырғыдан да аз болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Гидромамандар болжамы осындай. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, суару науқанында Арал теңізіне тамшы тамбай қалуы мүмкін. Шиелі ауданындағы ең егде күрішші Герасим Пак әр гектардан 68 центнер өнім жинап, облыс бойынша үздік нәтиже көрсеткен жылдарын сағынышпен еске алады. 72 жастағы диқан рекорд жаңартуға қуаты мен білігі жетеді, бірақ судың жайы қынжылтып тұрғанын айтады. «Баспасөз беттерінен су көлемі жайлы жаңалықты қалт жібермей оқып, сараптап отырамын. Өйткені өткен жылы шаруашылықтың 1100 гектар егістігінің 5-6 алқабы көз алдымда күйіп кеткені жаныма әлі батады», – дейді қарт егінші.

Герасим Пак, диқан:

– Былтыр өнім аз болды. Шығынды зорға ақтап шықтық. Күріштен бөлек бидай мен жоңышқалығымызды әрең алып қалдық. Биыл тағы су аз болады дегенге тағы зәре-құтымыз қашып отыр. Биіктеу орналасқан алқаптарды осы бастан жоспардан сызып тастадық.

Қазір шиелілік шаруашылықтар 30 мың гектар егіс алқабының 12 мыңына себетін күріш тұқымы мен тыңайтқышын дайындап, соқа-кетпенін сайлап отыр. Бірақ диқанның ойында төккен тер мен еткен еңбек еш кете ма деген қауіп басым. Аудан қазынасынан арналарды тазалап, су тартқыш құралдар алуға қаржы бөлінді. Алайда ол жеткіліксіз. Сондықтан аудан әкімдігі қосымша техникалық қолдау көрсету үшін салалық мекемелерден көмек сұрап жатыр.  

Мұрат Әшірбеков, Шиелі ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Облыстан «ҚазСуШардан» 12 электрлі су тартқышқа өтінім бердік. Сосын табиғат басқармасынан бізге 3 насос келгелі тұр. Жалпы былтыр бізге мемлекет тарапынан 6 насос келді. Оны ауылдық округтерге пайдалануға берілді. Жеке шаруашылықтардың өзінде 20-ның үстінде су тартқыш бар.  

Бақытжан Терлікбаев, Жуантөбе ауылдық округінің әкімі:

– Су деңгейі 6 метрге дейін төмен түскен. Өйткені дарияда су қоры аз. Соған байланысты шаруашылық төрағаларымен ақылдасып, егін көлемін төмендетейік деп отырмыз. Шиелі каналының басындағы сағаны 500 метр қазып, тиісті суды көтеретін жерлерге насостар орналастырылатын болады. 1150 га ексек енді 800 көлемінде егілетін болады. 

Қанша үнемдеу шараларын қолданғанымен, жоғарыдан тіршілік нәрі қалыпты түрде берілмесе жер сипап қалуымыз бек мүмкін дейді, Герасим ақсақал. Кәнігі күрішші пайда табамыз деп жердің құнарын арттыру жұмыстарына мән берілмей кеткенін де қынжылыспен айтады.    

Герасим Пак, диқан:

– Топырақ әбден тозған. Жерге қажетті көлемде көң төсеп, құнарын арттыруға мән бермейміз. Тек пайданы ойлап, үстін-үстін еге береміз. Әрине содан жер ана шаршайды. Сондықтан өнім көлемі азая беретіні заңдылық.  

2020 жылы 90 мың гектарға жуық жерге күріш егілген болса, былтыр ол 3 мыңға азайды. Енді биыл тағы егіс көлемі 3600 гектарға қысқарып отыр. Мәселе мемлекетаралық деңгейде дереу шешімін таппаса, қамбаға астық толтыру қиындай түспек.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев