Ақпанның ерекше күні Алматыда 300-ге жуық жұп отбасын құрды

Бүгін Алматыда 300-ге тарта жұп отбасын құрды. Бұл күндегіден екі жарым есе көп. Мұның себебін жастар 22.02.2022 деген ерекше датамен түсіндіреді. Сондай-ақ олар бұл күні шаңырақ көтергендер бақытты болады, деп сенеді.

Нұрсұлтан мен Әзиза былтыр Шымбұлақта алғаш рет кездесіпті. Бір жыл бойы бір-бірін танып білген соң екі жас отбасын құруға бекінеді. Неке қию рәсімін 2022 жылдың 22 ақпанына белгілеген. Олардың айтуынша, 2 саны жарасымды жұп болуды білдіреді. Оған қоса нумерологтар мен астрологтар бұл датаның ерекше екенін айтады. Яғни бұл күні жасалған келісім берік болады. Сондай-ақ оны ғылыми тілде екі жағынан бірдей оқылатын болғандықтан сандар палиндромы дейді.

Нұрсұлтан Мырзабеков, қала тұрғыны:

- Сандар әдемі үйлесіп тұр емес пе. Оның үстіне отбасын құрған күнімізді ұмытпайтын боламыз. Мен бұған қатты мән берген жоқпын. Кейіннен қарасам расымен есте қалатын күн екен. АХАТ бөліміне екі рет келдік. Осы күнге сәйкес келетіндей етіп өтініш бердік.

Әзиза Мырзабекова, қала тұрғыны:

- Мен санның сиқырына сенемін. Құрбым  астролог. Ол маған көптеген дәлелдер келтірді. Бұл күн барлық жағынан қолайлы болатынына, біздің отбасымызға бақыт әкеледі деп білем.

Ислам мен Дильназ да бүгін некелерін қиды. Олар да бірге шат-шадыман ғұмыр кешетініне күмән келтірмейді. Сандары біркелкі болып келетін күні шаңырақ көтеріп жатқанымызға қуаныштымыз, дейді жас жұбайлар.  

Дильназ Ишниязова, қала тұрғыны:

- 22 ақпанды таңдадық. Өйткені бұл дата өзімізге әдемі болып көрінді. Өзім нумерологияға сенбеймін. Бірақ документке есте қатты қалатындай өзіміз осы датаны таңдадық шыны керек.

Ләззат Сыдықова, қалалық әділет департаментінің бас маманы:

- Қазір жастрдың арасында некені әдемі күні тіркеу дәстүрге айналып келе жатыр. Жас жұбайлар сандық сиқырға сенеді және ұмытылып кетпейтін күнді таңдауға тырысады. Олар мұндай күні жасалған одақты үйлесімді бақытты деп санайды.  Бүгін Алматы қаласы бойынша 8 АХАТ бөлімдерімен 266 жұп тіркеліп жатыр.

Жыл сайын елімізде 140 мыңға жуық жұп шаңырақ көтереді екен. Ең жоғары көрсеткіш 2013 жылы тіркелген. Бұл жылы 168 500-ге жуық жұп отбасын құрған. Тек соңғы екі жылда неке қию рәсімі азая түскен. Мұны мамандар карантин шектеулерімен байланыстырады. Ал індеттен арылсақ үйлену тойларының көбейетіні анық. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарынбеков