Ақтауда бір тәулікте төрт егіз дүниеге келді

Аналарының да жағдайы жақсы. Қазір 3 егіз үйіне шығарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал ерте туылуы себебіне байланысты егіздердің бір жұбы әзірге дәрігерлердің бақылауда болады. Шекесі торсықтай екі ұлдың бойы да бірдей, 44 сантиметр. Ақ халаттылар бүгін-ертең тағы бір егіз өмірге келеді деп күтіп отыр.

Айта кетейік, Маңғыстау облысы демографиялық өсім бойынша республикада алдыңғы орында тұр. Былтырғы жылы бір ғана өңірлік перзентханада 3 үшем және 169 егіз өмір есігін ашты.

жас босанған ана:

– Жасым 19-да. Бірінші балам, екеуі егіз. Біреуі 1 келі 900, екіншісі 2 келі. Қызық болды, біз күткен жоқпыз. 3 айында білдік егіз екен. Бірінші рет сол кезде УЗИ-ға барып түскенмін. Сенбей, тағы барып түстім. Атын енді қоямыз.

Жапырақ Епенова, облыстық перинаталдық орталық директоры:

– 2021 жылы біздің орталықта 8008 бала дүниеге келсе, соның 169-ы егіз болды. Биыл осы екі айдың көрсеткіші бойынша 1200 әйел босанып, оның 25-і егіз босанды. Жалпы Маңғыстау облысында табиғи туу көрсеткіші жоғары деңгейде. Оны біз жыл сайын бақылаудамыз және ол үрдіс өсу үстінде.