Елде көлікті техникалық байқаудан өткізу талабы күшейтіледі

Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Мәжілістегі бір топ депутаттың «техникалық талапты алып тастау» туралы ұсынысына жазған жауап хатында айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екінші нарықтағы темір тұлпарды техникалық байқаудан өткізу елімізде аса маңызды процедура. Өйткені бұл жолдағы қауіптің алдын алатынын айтты кейбір көлік жүргізушілері. Бірақ бір топ мәжілісмен бұл пікірмен әсте келіспейді. Олардың айтуынша, техникалық тексерістен өткендігін растайтын құжатты көпшілік көлігін станцияларға апармай-ақ ақшаға сатып алады. Арты сыбайлас жемқорлыққа ұласады – дейді депутаттар.

Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бұл ұсыныс – сайлаушылардың негізгі талабы. Олар техникалық байқаудың шартты процедураға айналып кеткенін айтып, талапты мүлдем алып тастауды құп көреді. Менің ойымша, көлік жүргізушілер шартты нәрсеге артық ақша төлеуден әбден жалықты.

Саладағы жеке компаниялар көліктерді тексермек түгілі көзбен көрмей-ақ қашықтан тіркей салады екен. Осы арқылы жыл сайын 13 млрд теңгеге дейін табыс табады. Жөнді қадағалап жатқан ешкім жоқ – дейді Айқын Қоңыров. Түйткілден жалғыз шығар жол – жеке тұлғаларға көлігін техникалық байқаудан өткізу міндетін алып тастау дегенді қосты депутат.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Парламент Мәжілісі депутаттарына жазған жауапхатында негізгі ережелерді тізіп берді. Мәселен, техникалық байқау құжатын іс жүзінде тексеріссіз жасай салған компанияға 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Реестрден шығарылып, саладағы қызметін 3 жылға дейін тоқтатады. Бірақ қанша адам болса, сонша пікір бар.

Нұрсұлтан Күмісбаев, ТҚС әкімшісі:

Көп мемлекетте қазір техосмотр жоқ. Сол себепті дұрыс деп ойлаймын бізде де болмағаны. Көп көлік жүргізушісі өз техникасына ақау пайда болған жағдайда жолға шығады деп ойламаймын өзім. Ол өзінің қауіпсіздігі үшін және техосмотр кесірінен көптеген айыппұлдар пайда болып жатыр. Солар жойылады деген үміттеміз.

Расымен бірқатар елде көлікке деген техникалық талап мүлдем жоқ. Бірақ осыған қарамастан кейбір тәуелсіз сарапшылар Үкімет басшысының заңды күшейту бастамасымен келіседі.

Арсен Шакуов, жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының басшысы:

– Бұрын Ішкі істер министрлігі тұсында біз мұны талқыладық. Өйткені техникалық байқаудан өту процедурасы жекенің қолына өтті. Әрі қарай бұл сала мүлдем бақылаусыз қалды. Талапты күшейту керек.

Премьер-Министр жазған жауапхатқа сүйенсек, бүгінгі таңда техникалық байқаудан өткізу процедурасын өзгенің қолына өткізу әзірге жоспарда жоқ. Осыған қарағанда, қазіргі жағдай жасырын түрде пайдаға кенеліп жатқандардың көңілінен шығып жатса керек.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Диас Қовланбаев