Алматыда шағын бизнес қалпына келе бастады

Алматыда шағын бизнес қалпына келе бастады

Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнес нысандарының 755 өтінімі мақұлданып, 2 миллиард теңгеден астам өтемақы төленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы мәлімдеді. Өтемақы алған іскер азаматтардың алды жұмысын қайта бастап жатыр. Солардың бірі – Қанат Жалғасов. Алматылық кәсіпкер біздің тілшімізге қаңтар оқиғасында бизнесінен қалай айырылғанын айтып берді. Әлеуметтік желіде тараған мына видеоны түсірген де, кішігірім сауда орнының иесі де Қанат Жалғасов. 5 қаңтардың түнінде тонаушылардың үстінен түсіп, оларды тоқтатпақ болғандағы әрекеті. Орайлы сәтті ұтымды пайдаланғысы келгендер кәсіпкердің сөзіне құлақ аспапты. Осылайша 10 жыл бұрын 5 миллион теңге несие алып бастаған кәсібі бір түнде быт-шыт болады. 

Қанат Жалғасов, кәсіпкер:

– Адамдар өте көп болды. Сонымен қарасам, дүкенім тоналып жатыр, ашуға беріліп, шыдай алмадым шынын айтқанда. Көріністі көріп айқайға бастым видеоға түсіріп. Түнде мен келген кезде ойладым, әскер келіп кіреді, бәрі тынышталатын шығар, деп кетіп қалдым сол кезде видеоға түсіргеннен кейін. Бірақ таңертең келгенде де тонап жатты ғой.

Қанат Жалғасов сауда орталығының 4 шаршы метр бұрышын жалға алып, сағат, көзілдірік, әмиян сынды заттар сатады. Сауда-саттықпен отбасын асырап отырған азаматтың шығыны өтеліп, кәсібі бірте-бірте қалыпқа түсіп келеді. 

Қанат Жалғасов, кәсіпкер:

– 45-50 мың теңге жобасындағы менде сағаттар болатын. Сосын теріден 20 мыңға баратын, көз әйнектер 8500-9000 теңге қымбаттары. Не үшін ұрлап жатсың деп айтқанда сонда бір қыз жауап берді маған «заработка» деп. Мен оны түсіндім, осы уақытқа дейін менде жағдайым жоқ, сол үшін ұрлап жатырмын деген сияқты қабылдадым.

Заттарының төрттен бірі ғана қалыпты. Қанат Жалғасов оларды алтыншы қаңтар күні үйіне алып кеткенін айтады. «Шығын көлемі шамамен 6 миллион теңгеге жуық», – дейді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов