Павлодар облысында тұрғындар мал шаруашылығы кешенін салуға қарсы шықты

Павлодар облысында тұрғындар мал шаруашылығы кешенін салуға қарсы шықты

Павлодар облысы Ақсу қаласына қарасты Қарабай ауылы маңында мал шаруашылығы кешені салынып жатыр. Бірақ бұған жергілікті жұрт қарсылық танытуда.

Тұрғындарды екі мәселе алаңдатып отыр. Біріншіден, көң иісі тынысты тарылтады әрі қолдағы азын-аулақ малға өріс жоқ,– дейді ауыл халқы.

Қарабай ауылының тұрғындары бұл құрылысқа әу бастан қарсы шыққан. Тіпті, полиция да шақырыпты. Ешкімнің сөзіне құлақ аспаған жаңа көршілері жұмысты жалғастыра берген. Өткен жылы біраз мал әкеліпті. 

Ырысалды Әбілғазинова, Қарабай ауылының тұрғыны:

– Біздің гидрометтен құжат қағазымыз бар. Желдің бәрі біздің жақта, солтүстік батыс бағытта. Біздің ауыл, мінекей, балаларымыз бар, немерелеріміз бар, шөберелеріміз бар деген сияқты.  Соның мынаның иісімен демала ма олар? Ана Ақсудағы комплекске, қанша айқай болды, елдің шамасы келмеді. Біздің елде халықтың қамын ойлайтын шенеуніктер жоқ.

Жекеменшіктің малы жайылатын жерді қоршап, ферма салғандардың әрекетіне наразы жұрт сотқа жүгінген. Алайда сот процесі тұрғындардың пайдасына шешілмепті. Тараптар Жоғары сотқа дейін барған. Шешім өзгеріссіз қалған соң тағы да арызданып жатыр. Жуырда бірінші сот отырысы өтті.

Анар Әбілғазинова, адвокат:

– Әкімдік жер қатынастары бөлімінің құжаттарына сәйкес шығарылған шешімді орындадық дейді. Ал жер қатынастары бөліміндегілер әкімдіктің шешімі екенін айтады. Осылайша мемлекеттік органдар бір-біріне сілтеп, жауапкершілікті мойындарына алғылары келмей отыр.

Қарабай ауылында мал шаруашылығы кешенінің құрылысына жер бөлген ауылдық округтің бұрынғы әкімі Мирхат Валитов екен. Елді мекендерге  инвесторлардың келгені әрине құптарлық жәйт. Бірақ мен олардың дәл ауыл іргесіне ферма салғанына қарсымын. Ал құрылысқа конкурстық комиссия бекіткен құжаттар негіз болды - дейді ол.

Мирхат Валитов,  Алғабас ауылдық округінің бұрынғы әкімі:

– Бастапқыда құжатта көрсетілген басқа жер болатын. Жолдың ар жағында бос жатқан жер туралы әңгіме қозғалған еді.  Сондықтан барлық  құжатты көтеріп, комиссия мүшелерімен талқылау қажет. Жер қандай жағдайда берілгенін анықтау маңызды. Мен қазір бұл сауал бойынша  ешқандай түсініктеме бере алмаймын.

Сонымен белгілі болғанындай, жерді пайдаланушымен келісім-шартқа отырған Ақсу қаласының жер қатынастары бөлімі. Олар да қалыптасқан жағдайға байланысты қандай да бір  түсінік беруге дайын емес болып шықты.  

Қайрат Сәдуақасов, Ақсу қалалық жер қатынастары бөлімінің жетекшісі:

– Мен қазір  ештеңе  айта алмаймын. Себебі іс  соттың қарауында. Сот шешімі шыққаннан кейін бәрі белгілі болады. Соған сәйкес түсініктеме жасалады.

Жаңа ауылшаруашылығы кешені  бір жарым мың бас ірі қараға арналып салынады  деген болжам бар. Жаз мезгілінде малға  жайылым керек болатыны сөзсіз.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболаты