Украинадағы қазақстандық: Польша шекарасынан өту оңай болған жоқ

Украина-Польша шекарасында тұрған қазақстандықтардың бір бөлігі Польша аумағына өтті.

Бүгін таңертең жеткен ақпаратқа сай, Қазақстанның 241 азаматы Украина-Польша шекарасынан өтті. Тағы 44 отандасымыз мінген 2 автобус жолда кезек күтіп тұр, оларда шекарадан өтеді. Ел азаматтарымен бірге Киевтегі Қазақстан елшілігінің дипломаттары ілесіп жүр. Бұған дейін Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаев шекарада қазақстандық азаматтар мінген 4 автобус кезек күтіп тұрғаны айтқан еді. Олардың әрқайсысында 40-50 адамнан отырған. Ал кеше Польшаға өткен ең үлкен автобуста 80-дей адам болған. Елші шекарадан тек дипломатиялық көліктер ғана кедергісіз өтетінін айтады. Ал украинадан жалдаған автобустар кезек күтеді.  Дипломатиялық көліктер арқылы 40 қазақстандық пен елшілік қызметкерлерінің 25 отбасы мүшесі шекарадан өткен. Дархан Қалетаевтың айтуынша, Харьковте 40 студент қалған. Олар қазір пойызбен Львовқа жету үшін теміржол станциясына келген. Елші олармен байланыстамыз дейді. Сумы қаласында да екі қазақстандық қалған. Киевтегі елшіліктің жертөлесінде 40 адам отыр. Елші эвакуацияға өтініштер әлі де түсіп жатқанын айтады. 

 Абибулла Смайыл, Украинадағы қазақстандық:

– Львов қаласынан бізге автобус ұйымдастырылды, трансфер. Сол автобуспен біз Польша шекарасына келдік. Польша шекарасынан өту де оңай болған жоқ. Шекараға 10 километр қалғанда кептеліс басталды. Сол кептелісте кішкене тұрдық, сосын бізге Елшіліктің арқасында бізге полиция қызметкерлері көмек беріп, встречкаға шықтық, и солай шекараға дейін жетіп алдық. Солай, қиналмай өттік шекарадан.