Қорғаныс министрлігі әскери техниканың қозғалысына қатысты түсінік берді

Қорғаныс министрлігі әскери техниканың қозғалысына қатысты түсінік берді

Әлеуметтік желіде Қазақстан елдің батысы мен солтүстігіне әскер тартып, Украинаға қарсы соғысқа қатысатыны туралы жалған ақпарат тарады. Арандатушылар еліміздегі жоспарлы жауынгерлік даярлық шеңберіндегі әскери техниканың қозғалысын бұрмалап қолдануда, дейді Қорғаныс министрлігінің өкілдері. Мамандар бұл қалыпты шаралар екенін ескертті.Тұрғындарды желіде тараған керітартпа ақпаратқа бой алдырмай, ресми дерекке сүйенуге шақырды.

Қазақстанның Қарулы күштерінде жеке құрамның орнын ауыстыруға, оқытуға, жаттықтыруға байланысты әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік даярлығын арттыру шаралары жоспарлы түрде өткізіледі. Осы күндері Қорғаныс министрлігі Әскери колледж оқушыларына практикалық сабақтар өткізу үшін Семей гарнизонынан Щучинск қаласына әскери техника жөнелтілді. 25 ақпан мен 3 наурыз аралығында Қарағандыдан Гвардейск гарнизонына, сондай-ақ Алматыдан Ақтау гарнизонына әскери техника жіберілді. 1-4 наурыз аралығында Шымкенттен Таразға, Түркістанға, «Айша-бибі» полигонына және кері бағытта Қарулы күштерге тиесілі техниканың қозғалысы жоспарланып отыр. Аталған кезеңде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін әскери техникаларды темір жол көлігімен Батыс Қазақстаннан елдің оңтүстік бөлігіне жоспарлы түрде жеткізу іске асырылу үстінде. 

Еске сала кетейік, Қорғаныс министрлігі Қазақстан Украина аумағына әскер жібереді деген қауесетті бұған дейін де жоққа шығарған болатын. 

«Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери контингентін жіберу туралы шешімді ел Президентінің тиісті ұсынысы негізінде Парламент қабылдайды. Қазақстан әскери қызметшілерін Украинаға немесе одан басқа елге жіберу туралы сұрау түскен жоқ және тиісті түрде қаралып та жатқан жоқ».

ҚР Қорғаныс министрлігі