Ақтауда «Ақбота» саябағы сенімгерлік басқаруға берілді

Ақтаудағы «Ақбота» саябағы сенімгерлік басқаруға берілді. Алайда кәсіпкер саябақты жаңартуға асығар емес.

Естеріңізде болса, тозығы жеткен бұл демалыс орыны туралы өткен жаңалықтарымызда айтқан болатынбыз. Қала әкімдігі конкурс арқылы жеңімпаз мекемені анықтағанымен жұмыстар әлі басталмай тұр. Жалғыз саябақтың ендігі күйі қандай болады?

31 жастағы Александр Убейкин қолы қалт етсе бос уақытын табиғат аясында өткізеді. Ол қаладағы әсем жерлерді түсіргенді ұнатады. Әуесқой оператордың жүктеген видеолары тұрғындар арасында танымал. Соңғы рет саябақ туралы шығарған бейнеклипіне теріс пікір қалдырушылар көп болыпты.

Александр Убейкин, қала тұрғыны:

- Парақшамда қала тұрғындары саябақтың бұрындары жап-жасыл аумақ болғанын айтуда. Тіпті кейбіреулері ескі суреттерін жіберген. Шынында үнемі келген сайын көңілім түседі. Күл-қоқыс шашылып, жаяу жүргінші жолдары сынып жатады. Қашан жағдайы жақсарар екен?

Иә, саябақтың қазіргі жағдайы халықтың ұдайы назарында. Соңғы уақытта мұнда келетін тұрғындар саны азайған.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Осыған дейін тұрақты бақылау болмағандықтан бұзақылар ойына келгенін жасап, саябақтың берекесін қашырған болатын. Коммуналдық қызмет мамандары ондаған қоқыс жәшіктері мен орындықтарды ауыстырған. Қазір бұл жерге бейнекамералар қойылып, жергілікті полиция қызметкерлерінің бақылауына алынған.

Саябақты абаттандыру мақсатында қала билігі сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдаған. Былтыр қарашада мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, желтоқсанда жеңімпаз анықталыпты. Алайда 2 ай өтсе де демалыс орнында тиісті жұмыстар басталмаған.

Тілеген Едігеев, Ақтау қалалық ауыл кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- 2016-2017 жылдары Ақтау қалалық әкімдігі мен кейбір кәсіпкерлер арасында меморандумға қол қойылған болатын. Меморандум нәтижесінде кәсіпкерлер бірнеше міндеттемені өздеріне алған. Оның бірнеше пункттері орындалмаған, кәсіпкерлердің иеленген орындарын босатпай отыруына байланысты. Бірақ біз сенімгерлік басқаруға алған компаниямен келіссөздер жүргізіліп, бұл парктің қалаға маңыздылығын түсіндіре отырып, өздерінің жұмыстарын бастай беруін өтіндік.

15 мамырға дейін саябаққа қосымша талдар егіп, жасыл желекті көбейту жоспарланған.

Әбдімәлік Алеудин, компания өкілі:

- Саябақ аумағында скейтпарктер, балалар ойын алаңдары, жасыл желектер отырғызылады. Концепция бойынша паркте мұз айдыны болады, ол ашық болады, бізде Қазақстанда ондай мұз айдыны жоқ.

Жеңімпаз атанған кәсіпкер саябаққа қыруар қаржы салуды жоспарлапты. Жұмыстар кезең-кезеңімен іске аспақ.  

Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев