Тараздық келіншек өзінің «әйел» екенін дәлелдей алмай жүр

Тараздық келіншек өзінің «әйел» екенін дәлелдей алмай жүр.

Жиырма екі жастағы тұрғын құжаттағы жазбаға осыған дейін мән бермеген. Оның туу туралы куәлігінде Қалдыбаев Нұрзат Талғатұлы, жынысы «ер» деп көрсетіліпті. Ол бұл қателікті 4 жылдан бері түзете алмай сабылып жүр. Осы уақыт аралығында Нұрзат Халыққа қызмет ету орталығы, АХАЖ бөлімі, өзі туылған перзентхана, тіпті ең ақыры архивке дейін аралап, түбіне жете алмаған. Аяғы ауыр келіншек босанатын уақыты жақындағанын айтып, енді өмірге келетін баласының құжаты не болады деп алаңдап отыр.

Нұрзат Қалдыбаева, қала тұрғыны:

– Мен қызбын ғой, құжаттағы қатені жөндетуге келдім дедім. Жоқ, болмайды, мүмкін сен геніңді ауыстырған шығарсың, былайша айтқанда, трансгендер шығарсың деп әзілдеді. Құдай қаласа, 3 айдан кейін босанамын. Осы құжат қайтадан алдымнан шығатын болса, күйеуім де ер азамат, өзім де ер азамат құжатта. Еркектен еркек қалай туылады сонда, білмеймін.

Шалқар Елемес, қалалық №1 халыққа қызмет көрсету бөлімінің басшысы:

– Әрпі дұрыс емес болады. Ә ні А-ға ауыстырып қояды. Ұ-ны Ү дегендей. Оның бәрін өзгертіп,жөндеп беріп жатырмыз. Ал қызды ер ғып өзгерту бірінші рет болып тұр. Ең бастысы заң шеңберінде шешіледі деп ойлаймын. Бәрін жасап береміз.