Екі айда 240 адам жемқорлыққа жол берді – Олжас Бектенов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновтің есебін тыңдады.

Агенттік басшысы биылғы жұмыс нәтижесі және қоғамда резонанс тудырған қылмыстық істерді тергеу барысын баяндады. Алдын-ала ақпарат бойынша, екі айда 240 адам жемқорлыққа қатысы бар деп күдікке ілінген. Оның 40-қы республикалық және облыстық деңгейдегі мекеме жетекшісі.

Айталық, күдіктілердің арасында бір вице-минстр, бір қала әкімі және 11 облыстық басқарма басшысы бар. Келтірілген шығынның орнын толтыру үшін күдіктілердің құны 5,4 миллиард теңге болатын мүлкіне тыйым салынды. Кездесу соңында мемлекет басшысы Олжас Бектеновке бірқатар тапсырма берді.

Бұдан бөлек, қазіргі уақытта «Follow the money» қағидаты бойынша қаржылық тергеуді дамытуға, пара беру жөнінде уәделесуге және пара ұсынуға қатысты қылмыстық жауапкершілікті енгізуге және сыбайлас жемқорлық үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған заңнамалық шаралар топтамасы пысықталып жатыр.