Қарағанды облысында құтыру ауруының ошағы анықталды

Қарағанды облысында құтыру ауруының ошағы анықталды

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты шаруа қожалықтардың бірінде құтыру ауруының ошағы анықталып, 4 ірі қараның өлгені мәлім болды.

Салдарынан Мартбек Мамыраев ауылдық округінде шектеу шаралары енгізілетін болады. Жалпы ауылда 600-ге жуық мал басы бар көрінеді. Ветеринарлар індет жабайы аңның үй малын тістеу салдарынан тарауы ықтимал екенін айтып отыр. Қазір вирустың ошағын жою мақсатында республикалық қордан қаржы бөлініп, арнайы препараттар жеткізіліп жатыр. Атап өтсек, құтырған малдың сілекейі ашық жараға тисе немесе құтырған ит тістесе адамға да жұғуы мүмкін. Бүгінгі күні қауіпті вирус салдарынан өлген мал толық өртелген, қожайындарына сараптамалардан кейін нарықтық бағаға сай өтемақы төленетін болады.

Данияр Мерғазин, Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясы жетекшісінің міндетін атқарушы:

– Ветеринариялық перпараттармен лажсыз және қортынды дезинфекция жүргізіледі, сонымен қатар шаруа қожалығындағы барлық мал түліктеріне вакциналау жүргізіледі. Аталған шаруа қожалығы малды шығару бойынша шектеу қойылды, бүгінгі күні әкімнің ұсынысына сәйкес тиісті сауықтыру шаралары жүргізіледі.