Бөрілі ауданында ауылдарға кіреберіс жолдарының сапасы көбінде көңіл көншітпейді

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында 14 ауылдық округ болса, соның төртеуінде ғана кіреберіс жолдың сапасы қанағаттанарлық күйде. Ал қалған елді мекен тұрғындары құрылысты сарыла күтіп жүр. Кейбір ауылдарда меценаттар жеке қаражат есебінен жобалық-сметалық құжаттар дайындауға кіріскен.

Республикалық трассаға жақын орналасқан Бумакөл ауылында кіреберіс жол ойық-ойық күйде жатыр. Тұрғындар қар еріген кезде және жауын-шашын күндері қатынас қиындап кететінін айтады. Ұзақ жылдан бері құрылыс бастала қоймаған. Ауылдық ағайынның айтуынша, енді жергілікті атымтай жомарттар бұл жолды және көшелерді жаңартуға қаржы бағыттап жатыр екен. 

Аманжол Мұқашев, Бумакөл ауылының тұрғыны:

- Асфальт болған жоқ. Баяғыдан жоқ. Көктем, күзде нашар енді. Балшық болады, су. Ауылдың жігіттері өздері ПСД істеп, схемасын сызып, бүкіл көшені істеп жатыр. Осы кіреберістен бастап, ауылдың іші, бүкіл көше, бәрін істейді.

Жарсуат ауылында да демеушілер көше жолдарын салуға құжат әзірлеу үстінде. Ауданда жергілікті маңызға ие 159 шақырым жол бар. Елді мекендерге кіреберіс жолдардың 70%-і сын көтермейді. Әкімдік өкілдері бірнеше жоба дайындалғанын айтады. Алайда әлі күнге қаржы көзі нақтыланбаған.

Дастан Ақмамбетов, Бөрлі аудандық ТКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы

- Қазір ауылдық округтер бойынша 9 ПСД әзір тұр. Жарсуат ауылының ішкі жолдарын демеушілер өздері жасап жатыр. Олар жобалық-сметалық құжаттар дайындап, сараптамадан өткізіп, сосын бізге тапсырады. Біз әрі қарай қаржы бөлу жұмыстарын жүргіземіз. Амангелді-Жарсуат аудандық маңызы бар жол бар. Соның 12 км жолын орташа жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайын. Ведомстволық сараптамадан өтті. Енді қаржы көзін қарастырудамыз. Республикадан сұрап отырмыз. Ол қаржыны бөлетін болса, биыл бастап кетеміз.

Ал қалған елді мекендерге барар жол және Ақсай-Тихоновка айналма жолының құрылыс жобасы әзір емес. Тұрғындар ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жедел жетілдіруге басым бағыт берілгенін қалайды.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов