Зейнетақы жинағы қайда жұмсалды?

1 сәуірден бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеткілікті шек мөлшеріне қатысты жаңа өзгеріс енеді. Қазір көптің көкейінде сол қаржыны қандай мақсатта пайдалануға болады деген сауал бар. Бұған дейін зейнетақы жинағына қанша адам баспана алып, қанша адам емделді?

Былтырғы қаңтардан осыған дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақты 1 миллионнан астам адам тұрғын үй алуға және ем-домына пайдаланған. Яғни баспанаға берген 977 мыңнан астам адамның өтініші қанағаттандырылды. Уәкілетті оператор қордан арнайы ашылған азаматтардың шоттарына 2,7 трлн теңге аударған. Бұл ақпараттар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтында көрсетілген.

Зейнетақы жинақтарын пайдаланғандар арасында алматылықтар көш бастап тұр. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау облыстарының тұрғындары қордағы ақшаны мақсатты жұмсап үлгерген.

Бір жолғы зейнетақы төлемі уәкілетті операторда ашылған арнайы шотқа түскеннен кейін алушы берілетін қаражатты қай мақсатқа жұмсайтынын таңдайды. Онда үй-жайын жақсарту, жер алу және емделу сынды нысаналы мақсат бар. Таңдау әркімнің өз еркі. Алайда зейнетақы жинағындағы барлық соманы ала алмайсыз. Жас шамасына қарай шекті мөлшер бар. Яғни белгілі бір бөлігі қорда қалуы қажет.

Ал бір жолғы жинақ шотыңызға түскен күннен 20 күн ішінде белгіленген мақсаттарға пайдаланып үлгеруіңіз қажет. Өйтпеген жағдайда қаражат қорға кері қайтарылады.

Мысалы, бұған дейін зейнетақы қорында өтініш бергенімен, уақтылы игермегеннің салдарынан 379,9 млрд теңге кері қайтарылған.

Сонымен қатар емделу мақсатына 198 600-ден астамның өтініші қанағаттандырылып, бұл мақсатқа 176,4 млрд теңге аударылған. Бұл статистикамен де Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтында танысуға болады.

Ал биылғы 1 сәуірден бастап зейнетақы қорындағы қаражаттың шекті мөлшері өзгертіледі.

Авторы: Айнұр Қуатқызы