Жалған ақпарат таратқандарға жаза қатаң. Stop fake

Жалған ақпарат таратқандарға жаза қатаң. Stop fake

Әлеуметтік желіде кез келген жазбаның астына оңды-соңды пікір қалдырып, лайк басқанда аңдамасаңыз, жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе желдей ескен түрлі ақпараттың рас-өтірігін анықтамастан, басқалармен бөліссеңіз, сіз де жалған ақпарат таратушы болып шыға келесіз. Білместікпен жасалған болса да ауыздан шыққан сөз бен қолмен жасалған істің салмағы мен сұрауы бар екенін ұмытпаңыз.

Алматыда екі азамат Facebook желісіндегі жазбалары үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Алмалы аудандық соты оларды Қылмыстық кодекстің 174-бабының 2 бөлігі бойынша және 179-бабының 2 бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Заң қатал. Ал жалған ақпарат таратқандарға 20 АЕК сомасындағы айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген. Құқықтық статистика есебінше, биылғы жылдың екі айында фейк тарату бойынша 60-тан астам қылмыстық іс қозғалған.

Серік Беркамалов, заңгер:

– Қоғамдық дау тудыратын ақпараттар айтса, кез келген азамат заң жүзінде жауапқа тартылады. Егер ол жалған хабарлама таратса, әлеуметтік желіде тексерілмеген жаңалықтар жарияласа да заң алдында жауап беруі мүмкін.

Заңгер сөзінше, ақпараттың БАҚ-та, әлеуметтік желілерде таралуы шарт емес. Ол мессенджерлердегі шағын топта жарияланса да қылмыс саналатынын айтады.

Серік Беркамалов, заңгер:

– Мессенджерлерде сізге келген смс-ті келесі адамға жіберуге асықпаңыз. Мысалға банк жабылады деп фейк ақпарат тарап, халық арасында шу болса, есесіне үлкен резонанс туындаса, смс-ті таратушы қатаң жазаға тартылады.

Фейк ақпараттар көбінесе әлеуметтік желілерде тез таралып, ең көп лайк жинап жатады. STOPFAKE жобасының сарапшыларының айтуынша, ай сайын Қазнетте 150-ге жуық фейк жаңалық анықталады екен.

Айбек Күмісбеков, Stop fake kz жобасының жетекшісі:

– Шамамыз келгенше жалған ақпаратпен күрес жүргізіп жатырмыз. Жұмыс барысында көбіне алаяқтардың құйтырқы әрекеттерін әшкерелейміз. Жаңалықты оқығанда нақты ақпарат көзіне сену керек. Адамдарда ақпараттық фильтр болуы маңызды.

Мамандардың айтуынша, кез келген фейк – бұл қоғамдық пікірді манипуляциялау тәсілдерінің бірі. Мұны, әсіресе, алаяқтар жиі пайдалана бастаған. Жалған ақпараттың құрбаны болмау үшін авторы көрсетілмеген немесе ақпарат көзіне сілтемесі жоқ күмәнді мәліметтерді әрі қарай таратпай, алдымен тексеріп алған абзал.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы Ернар Нысанбай