Алатауда қар көшуі мүмкін

Алатауда қар көшуі мүмкін

Алматы маңындағы тауларда қар көшу қаупі күшейіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі өткен аптадан бері қар аралас жаңбыр жауды.

Бұл туралы «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары хабарлады.

Қазір Алатау бөктеріндегі қардың қалыңдығы 1,5 метрге дейін жеткен. Сондықтан алдын алу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгін қауіпті жерлердің бірі Эдельвейс шатқалының қары жарылғышпен көшірілді. 44 мың текше метр ақ ұлпа етекке түсірілді. Жалпы, Шымбұлақ тау-шаңғы курорты орналасқан Кіші Алматы сайындағы 165 жерде көшкін жүру қауіпі бар екен. Конус, Асу, Эдельвейс, Сарқырама сынды 18-і өте қауіпті саналады дейді мамандар.

Самат Дәленханов, «Қазселденқорғау» ММ басқарма басшысы:

- Алматы қаласының демалушыларына, тұрғындарына айтатынымыз, таулы аймақтарда әлі де қар көшкіні қаупі сейілген жоқ. Сондықтан тіке беткейлерге, адам жүрмейтін жерлерге шықпауына кеңес береміз.