БҚО-да бірнеше ауылды су басу қаупі бар

БҚО-да бірнеше ауылды су басу қаупі бар

Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірдегі өзен-көлдер әлі қар құрсауында. Егер күн күрт жылып, гидрологиялық құрылғылар ағын суға шыдас бермесе, біраз ауылды су басу қаупі бар. Қазір өзендерде мұз ою жұмыстары жүріп жатыр.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Аймақта 74 гидротехникалық құрылым бар. Егер осы құрылымдарда апатты жағдай болса облыс аумағындағы отыздан аса елді мекенге су басу қаупі төнеді. Бұл мамандардың болжамы. Дәл қазір Шаған өзенінде мұз кесу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нақты қандай шаралар екенін құтқару қызметінің өкілдерінен білейік.

Бекен Сыдихов, құтқарушы:

- Біз ертең күн күрт жылып, су келген уақытта мұздың кептелісі болмас үшін алдын ала кесіп дайындап қоямыз. Су тасқынының алдын алу бұл, сосын мұз кептелісі болмау керек. Мұздың қалыңдығы мына арада қазір 60 пен 70 сантиметрдің арасы.

Нұралы Мүсиев, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Облысымызда қардың биіктігі максимальді 42 см құрайды. Тоң көрсеткіші 1,51 см, сонымен қатар қардың қоры 76 мм құрайды. Жалпы, гидроболжамға келсек, облыстың өзендерінде көп жерде ылғал қорының көрсеткіші көпжылдық көрсеткіштерден төмен. Тек Шежін 2 өзенінде 44 пайызға көп. Су басу қаупі әлі де сақталуда.

Ал тасқын қаупін төмендетудің арзан әрі тиімді тәсілі осылай мұзды кесу дейді мамандар. Қазір өңірдегі су басу қаупі бар өзен-көлдерде мұз кесу және ойық бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар көбіне өзендердің бұрылыстарында жасалады. 

Бекен Сыдихов, құтқарушы:

- Осылай метр жарымнан кесіп аламыз да мұздың астына қарай кіргізіп жібереміз. Кірмеген жағдайда кейде көтеріп жанына шығарып қоямыз. Дұрыс айтасыз, балықтарға да көмегі бар.

Облыстың 71 процент аумағында ақ ұлпа әлі жатыр. Тек Бөкей Ордасы мен Жаңақала ауданының кей жерлерінде қар жоқ. Су тасқынының алдын алу мақсатында елді мекендерден 980 мың текше метр қар шығарылған. Құтқару қызметінің ат-көлігі сақадай сай күйде. Ал жай көлік жете алмайтын жерлерге мынадай арнайы техниканың көмегімен баруға болады.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Аймақтағы жағдай осындай. Тек наурыз айының алғашқы онкүндігінде   облыс аумағына 33 миллиметр қар  түскен. Дегенмен, аймақтағы өзен-көлдердің аңқасы кеуіп тұрғаны рас. Сондықтан, ақ мол түссе жерге ырыс деген мамандар пікірімен келісуге болады.

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов