Коронавирус пандемиясы халықтың есінде мәңгіге қалады

Коронавирус пандемиясы халықтың есінде мәңгіге қалады

Өйткені қауіпті вирус жұқтырған 18 мыңнан аса азаматымыздан айырылып қалдық. Олардың арасында есімі елге мәлім, зиялы һәм танымал тұлғалар бар еді.

2020 жылдың 26 наурызында Қазақстанда ауыр індетті жеңе алмай, бақилық болған әйел адам жайлы қайғылы хабар тарай бастады. Бұл еліміз үшін де, денсаулық сақтау саласы үшін де өкінішті жағдай еді. Бірақ сындарлы сәтте ешкім де қол қусырып отырған жоқ. Індет жұқтырғандардың саны үрей тудырса, емделіп шыққандары көңілге медет болды. Ал көз жұмғандардың көбеюі, шыны керек, жүректі сыздатты. Өйткені бақилық болғандардың көбін бір қауым ғана емес, күллі қазақ танитын.

Індет өршіген тұста Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев, белгілі дизайнер Берік Исмаилов, театр және кино артисі Дархан Дайырбек, Олимпиада ойындарының чемпионы, даңқты палуан Жақсылық Үшкемпіров, актер Әлімғазы Райымбеков, актриса Ғазиза Әбдінәбиева көз жұмды. Коронавирустың ілмегіне ілініп қалған журналистер де баршылық. Жолдасбек Дуанабай, Қуандық Шамахайұлы, Диас Омаров, Амангелді Сейтхандардың отты сөздері, жарқын жүздері ешқашан да көрермен жадынан өшпесі анық. Ал Еділ Ерғожин, Мұрат Мыңбаев, Саябек Зиядин сынды ғалымдарымыздың еңбегі талай ұрпаққа тағылым бола береді. Ғылым демекші, ғаламның COVID-19 індетін жеңуге Күнсұлу Закария сынды ғалымдарымыздың үлесі де тиіп жатыр. «Казвак» коронавирусқа қарсы вакцинасы қазақстандықтардың қауіпті вирустан құтылуына ықпал етті. Ал пандемия салдарын көпке дейін ұмытпаспыз.

Мерей Мұратханқызы