ШҚО-да аңшылық шаруашылығы жойылып кетуі мүмкін

ШҚО-да аңшылық шаруашылығы жойылып кетуі мүмкін

Еліміздің шығысында аңшылық шаруашылықтар жабылудың алдында тұр. Бұл браконьерлікке жол ашады. Себебі біраз шаруашылықтың құзырындағы аң аулауға арналған жерлерді жалға алу мерзімі аяқталды. «Тиісті министрлік оны ұзарту талаптарын тым қатаңдатып жіберді», - дейді аңшылық қауымдастығының өкілдері.

Шығыс Қазақстан облысының аңшылар қауымдастығы республикадағы ең үлкен қауымдастықтың бірі. Құрамында 4 мың мүшесі бар. Аңшылық шаруашылықтарының иелігіндегі жер көлемі 12 миллион гектарға жуықтайды. Әуесқойлар мен кәсіби аңшылар мүшелік жарнасын төлеп, жолдаманы тұрақты сатып алып тұрады. Осылайша аң атуға ресми түрде рұқсат алып келеді. Екі жылдан кейін мұның бәрі көзден бұлбұл ұшуы мүмкін. Өйткені нормативтік-құқықтық актілерде өзгерту болмағанымен, жерді жалға алу мерзімін ұзарту талабы тым қиындап кеткен. Қарамағыңда жүк тасымалдауға арналған және өрт сөндіру көлігің, трактор, соқа, шөп шапқышыңа дейін болуы тиіс.

Жанат Архабаев, ШҚО Аңшылар және балықшылар қоғамының бас аңшылықтанушысы:

- Біз бәрін есептеп көрдік. Әрбір аңшыдан бір миллион теңге жарна алсақ та, ол талаптарды орындау мүмкін емес. Шаруашылықтардың аталған техникаларды түгелдей сатып алуы үшін 3 миллиард 800 миллион теңге қаржы жұмсауы қажет. Оны күтіп ұстау шығындары тағы бар. Ешбір шаруашылықтың шамасы келмейді бұған. Алайда экология министрлігіндегілерді бұл мәселе еш алаңдатпайтын сияқты.

Тіпті 25 жылдық тәжірибеңе, ұзақ жылдар бойығы мінсіз атқарған еңбегіңе де ешкім қарамайды. Ең бастысы техникаң болуы шарт! Ал оларды күтіп ұстауға кететін шығындарды есептесеңіз, аңшылық шаруашылықтарына қажетті қаржы мөлшері 8 миллиард теңгені еңсереді. Қауымдастықтың жылдық табысы 100 миллион теңгедей ғана. «Салалық министрліктегілер мұны ескермей отыр», - дейді мамандар.

Бақытжан Исахаев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы:

- Қазіргі таңда аңшылық шаруашылығын қайта бекіту туралы, мысалға, қайта бекітуге ешқандай материалды-технический және сіздер көрсеткен 8 миллиард дегендей, ондай қажет етілмейді. Осы материалдық базасы жеткілікті болмаса, өзіне күші жететіндей аймақты алып, соны дамытумен жұмыс істесе болады.

Бір қызығы, шаруашылықтарға аталған техникалардың барлығы керек емес. Өйткені олардың иелігіндегі жердің өз қожайындары бар.

Аркадий Старцев, Көкпекті аңшылық шаруашылығының директоры:

- Бізге ешқандай техниканың қажеті жоқ. Себебі иелігіміздегі жерлер шаруашылық қожалықтарына бекітіліп берілген. Оны фермерлер игеріп отыр. Өңдейтін де солар. Біз жабайы жануарлар дүниесін ғана пайдаланамыз. Онда техникамен жұмыс істеуге еш құқығымыз жоқ.

Орман шаруашылығындағылардың да ол жерге техника кіргізсең өре түрегелері анық. Себебі қауымдастық орман қорындағы аумақтарды пайдаланады. Оны заңсыз аң атушылардан қорғайды. Өңірлік қорықшылар қызметінде 70 шақты адам еңбек етеді. Солардың бірі Никита Хохмов. Ол қыс бойы жабайы аң-құстарды қоректендіріп, жазда санақ жүргізеді. Аң ату маусымы кезінде аңшыларға жол сілтеуші қызметін атқарады. Ол да өз әріптестерінің болашағына қатты алаңдап отыр.

Никита Хохмов, қорықшы:

- Жерді алып алса, біз жұмыссыз қаламыз. Ал ауылда жұмыс табу дегеніңіз өте қиын. Біз табиғат аясында еңбек етіп үйренген жандармыз. Бір сөзбен айтқанда жағдайымыз қиын болғалы тұр.

Оксана Валиева, ШҚО Аңшылар және балықшылар қоғамының заңгері:

- Мұның әлеуметтік тұрғыдан кері әсер ететін тұстары да бар. Біздің 4 мыңға жуық мүшеміз болса, ертең соның басым бөлігі шартты түрдегі браконьерлерге айналып шыға келуі мүмкін. Аңшылық шаруашылықтарының иелігіндері жер қайта бекітілмесе, ол резервтік қорға өтеді.

Кейін ол жерлер жекеге өтіп кетуі де әбден мүмкін. Салдарынан ішкі туризм шығынға батады. Заңсыз аң ату деректері белең алып, аңшылықтан бюджетке соқыр тиын кіріс түспейтін болады. Бұл бір ғана облыстың аумағында болуы мүмкін жағдай. 2027 жылы еліміздің өзге өңірлерінде де аң аулауға арналған жерлерді жалға алу мерзімі аяқталады. «Техникаң сақадай сай болсын!» деген талап аңшылық шаруашылығына арналған аумақтарды алғаш бекіту кезеңінде де болған. Бірақ оны өткен жылдың жазында алып тастады.

«Ал қайта бекітуге қойылған талаптың қатаңдатылуы еш қисынсыз. Одан жемқорлық қаупі туындауы да әбден мүмкін. Біздің жан-айқайымызды еститін үкіметтің құлағына жеткізіңіздерші», - дейді аңшылық қауымдастығындағылар.

Ардақ Айбарұлы, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов