БҚО халқы Наурыз мерекесін тойлап жатыр

БҚО халқы Наурыз мерекесін тойлап жатыр

Ұлыстың ұлы күні саналатын наурыз мерекесін оралдықтар да кеңінен тойлап жатыр. Қала іргесіндегі Зачаган кентінде алтыбақан құрылып, ақшаңқан киіз үй тігілді. Ұлттық спорт түрлеріне дайындайтын этнокешенге жиылған жұртшылық көкпар, аударыспақ пен асық атудан өзара сынға түсті. 

Жер дүниені жаңартып жететін әз наурызды жайық жұртшылығы да асыға күтеді. Рас, өңірде әзірге қар кетіп, тоңның көбесі сөгіле қойған жоқ. Дегенмен, мерекелік шараға жиылған халықтың көңілі көтеріңкі. Жүздері жарқын. 

Ақмоншақ Жұмаева, шараны ұйымдастырушы:

- Қаланың жас өнерпаздары мен өнер ұжымдарының адамдары концерт қойып халыққа өте керемет көңіл-күй сыйлауда. Осы аязға қарамай халық абыр-сабыр болып, мерекені сезініп, киіз үйде фотоға түсіп,  атпен серуендеп, жер-жерде ләңгі тебу секілді ойындарды тамашалап жатыр.  

Ат демекші, осы этнокешенде балалар көкпар, теңге ілу және жамбы ату секілді ұлттық спорт түрлеріне жаттығады. Әсіресе, жас балуандардың білек күшін сынайтын аударыспақтың орны ерекше:

Серікбай Нәбидуллин, қала тұрғыны:

- Мына кішкентай балалар аударыспақ ойнап, енді халқымыз балалар осынай шымыр болып өсуі үшін қазақтың ата салты ғой енді. Атқұмар халықпыз, балаларымызды осыған тәрбиелеп дамыта беруіміз керек.  

Асылбек Қабесов, Зашаған бау-бақша серіктестігінің төрағасы:

- Осы жерде 10 мыңнан астам халық тұрады. Бүгін ұлыстың ұлы күнін осылай атап өтіп жатқан  жайымыз бар. 2 мың үй бар осында түтін түтетіп отырған. Ұлтымызға нақышымызға сай тағамдар үлестіріліп жаыр тегін.

Халқымыздың ұғымында қара қазан қашан да тіршіліктің тірегі, құт-берекенің бастауы саналған. «Қыдыр бабаның» батасын алған жұрт наурыз көжеден дәм татты. Ұйымдастырылған түрлі сайыстар да жұртшылықтың делебесін қоздырғаны рас.    

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Ұлттық ойындардың ішіндегі ең көп тараған түрі ол әрине асық ату. Бұл сында бақ сынағандардың ішінде ересектер де көп. Біз де көрейік: 

Алты ай қысты аман-есен өткеріп, ауызы аққа тиген ақжайықтағы ағайын әз наурызды осылай қарсы алып жатыр. Ал мерекелік шараның шырқау шегі тай жарысымен түйінделді.

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов