Петропавлдағы апат орнында жұмысшы әйел табылмай жатыр

Петропавлдағы жылу электр орталығында болған апаттың себебін сарапшылар анықтайды. Қазір онда іздестіру шаралары жалғасып жатыр. Тергеу тобының болжамы бойынша үйінді астында бір жұмысшы қалған. Түннен бері оқиға орнында арнамыздың түсіру тобы да жүр. 

60 жыл түтіндеп тұрған мұржа осылай көзді ашып жұмғанша құлап қалды. Апат болған жерге төтенше жағдайлар, жедел жәрдем қызметі, полицейлер түгел жиналды. Шұғыл түрде штаб құрылып, қылмыстық іс қозғалды. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Ірі тас бөлшектері 1 мың 300 шаршы метр жерге құлаған. Мамандардың айтуынша, дәл сол кезде қазандық цехының ішіндегі шағын ғана бөлмеде 1984 жылы туған әйел адам болған. Қазір оны іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. 

Іздестіру шаралары өте қиын жағдайда жүріп жатыр. Құтқарушылар сағат сайын 15 адамнан ауысып, тастарды қолдарымен қопарып жатыр.

«Техника мен үйінділер тағы да бұзылып құлауы мүмкін», - дейді мамандар. Өздеріне де аса қауіпті. 

Рамиль Камалов, облыстық ТЖД басшысы:

- Таңғы 8-ден іздестіру шаралары жалғасып жатыр. Әзірге нәтиже жоқ. Апат болған жерге кинология қызметі тартылды. Қазір ит көрсеткен қазып жатырмыз. Үміт бар. 

Құлаған мұржаның биіктігі 150 метр. Бұл шамамен 50 қабатты ғимаратпен бірдей. Апаттан кейін қала жылусыз қалып, пәтерлер суып кетті. Сондықтан шұғыл түрде қосымша агрегаттар іске қосылды. 

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Авария болған күнге дейін бізде 4 қазандық жұмыс істеп тұрған. Бүгін түнде екеуі істеп тұрды. Бүгін таңертең ерте үшіншісін қосып қойдық. Түстен кейін төртіншісі жұмыс істейтін болады. Сонымен кешке таман төртеуі төрт қазандық толығымен жұмыс істейтін болады. 

Тұрғындардың айтуынша, құлаған мұржа бір-екі күн бұрын түтіндеп тұрған. Бірақ жылу электр орталығының басшылары оны байқамапты. 

Александр Клебанов, кәсіпорынның директорлар кеңесінің төрағасы:

- Құжат бойынша мұржаның техникалық жағдайы жақсы еді. Ол әр 5 жыл сайын жөнделеді. Бұл жұмыс келер жылға жоспарланған. Қазір нақты себебін айта алмаймыз. Бірінші кезекте жел әсер етті.

Бұл жылу электр орталығындағы алғашқы апат емес. Өткен жылдың қараша айында қазандықтар жарылып, бір адам қаза тапқан болатын.1960 жылдары салынған нысан әбден ескірген. Сондықтан бұл жағдай қайталанбайды деп ешкім де айта алмайды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов