Наурыз мейрамы Түркістан қаласында кеңінен тойланды

Наурыз мейрамы Түркістан қаласында да кеңінен тойланды.

«Жібек жолы» саябағында киіз үйлер тігіліп, көл-көсір дастархан жайылды. Ауа райының бұлтты болғанына қарамастан халықтың мерекеге деген ықылас-пейілі ерекше болды. Күмбірлеген күй мен әуелеген ән, көктемнің келгенін бейнелейтін сахналық көріністер наурыздың сәнін кіргізді. Ұлттық нақышта киінген қариялар мен әжелер наурыз көжеден дәм татып, мерекенің мән-мағынасы жайлы ғибратты әңгіме өрбітті. Ақсақалдар «жылымыз берекелі, малымызды төлді болсын» деген ырыммен бата берді. Сондай-ақ мереке аясында қылқалам шеберлерінің халықаралық сурет көрмесі ұйымдастырылды. Оған жиырмаға жуық шет мемлекеттен суретшілер мен туристер қатысты.

Светлана Тюрина, суретші /Голландия/:

- Наурыз өте көңілді мереке, қазақ қонақжай халық. Бізге ұмытылмас керемет әсер сыйлап жатыр. Наурыз мерекесі туралы түрлі аңыздарды естіп, халықтың тұрмыс-салты мен дәстүріне қанықтық. Наурыз көже ішіп, ұлттық тағамдардан дәм таттық. Мен мұнда міндетті түрде тағы да келемін деп шештім. 

Фатих Каратач, турист /Түркия/:

- Наурыз бүкіл түрік халықтарына ортақ мереке. Біздің мәдениетіміз ортақ. Бірақ Ұлыстың ұлы күнін сіздердей кең ауқымда ерекше ықыласпен тойлайтындар көп емес. Сондықтан бүгінгі мерекені көріп, жас баладай қуанып тұрмын. Халықтың пейілінің дархан деп таңқалып, риза болып тұрмын.