Ақбөкендер ауыл ішінде жүр – БҚО

Батыс Қазақстанда қыс ұзаққа соызылып барады. Сол себепті қыстан онсыз да қысылып шығатын түз тағысына қауіп төніп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әншейінде қарайғаннан шошитын киіктер Казталов ауданының Қараоба ауылына кіріп кеткен. Аштықтан бұратылған ақбөкендерге тұрғындар жем-шөп беріп, амалдауға көшкен. Таяуда осындағы Теректі ауданының Подстепный ауылына да елік кіріп кеткен еді. Мамандар мұның себебін биыл аймақта қардың қалың түсуімен  байланыстырады.

Талғат Ілиясов, Январцев орман шаруашылығы мекемесінің директоры:

– Орманда әлі қар өте қалың. Кей жерлерде метр жарымға дейін қалыңдықта қар жатыр. Дегенмен орман шаруашылықтары ​қолдан келген шараларды өткізіп жатырмыз. Өзім мекемем бойынша айтар болсам, 100 центнердей шөп әзірленді, сонымен қатар жем 25 тоннадай сатып алынып, оған күнара, екі-үш күнде барып, жем шашып жануарларды қоректендіреді.