Павлодарлық әуесқой спортшы науқас баланың еміне шипа іздеп жүр

Павлодарлық әуесқой спортшы науқас баланың еміне шипа іздеп жүр

Нұрсұлтан Бірлік науқасқа көмек қолын созу үшін қайырымдылық марафонын ұйымдастырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әуесқой спортшы Баянауылдан Майқайыңға, Майқайыңнан Қалқаманға, одан Павлодарға дейін жүгіріп, ультрамарафон жасады. Бұл аралық – 220 шақырым. Ертіс-Баян өңірінің тумасы Нұрсұлтан Бірлік жай жүгіріп жүрген жоқ. Ауыр дертке шалдыққан Аңсар Дүйсекеевтің еміне қаражат жинап, көмектеспекші. Өздігінен жүре алмайтын алты жасар жеткіншекті шетелде емдетуге ақша керек. Ультрамарафоншының өзі мейірімді жанның көп екеніне сенімді. Қазір ел ішінде қолдау білдірген азаматтар хабарласып жатыр. Енді «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорына да өтініш білдірмек. Еске сала кетсек, Нұрсұлтан Бірлік бұған дейін 330 шақырымдық ультрамарафондық қышықтықты екі тәулікте жүгіріп өтіп, Қазақстан бойынша рекорд орнатқан. Ендігі арманы 500 шақырымға жүгіру.

Нұрсұлтан Бірлік, әуесқой марафоншы:

Айта кететінім, баламыздың еміне керек қаражатты барлығымыз жинайық. Барлық жастарды тек салауатты өмір салтымен айналысуға шақырамын. Патриот болыңыздар, ел үшін әрқашан аянбай еңбек етіңіздер. Ертіс-Баян өңірін дамыта берейік.