Қарағандыда бүлдіршіндерге қол жұмсаған тәрбиеші жұмыстан қуылды

Қарағанды облысының Абай қаласындағы жекеменшік балабақшалардың бірінде бүлдіршіндерге қол жұмсаған тәрбиеші жұмыстан шығарылып, жауапқа тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның бұл өрескел әрекеті бөлмеге орнатылған бейнекамераға түсіп қалған. Жалпы бөбекжайдың ашылғанына жылға жуықтапты. Күн сайын мұнда 550 бала келеді. Қазір мекемеде кешенді тексеріс жүріп жатыр. Ал 20 жастағы тәрбиешіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған. Ол 160 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін немесе 40 тәулікке қамауға алынады. Сондай-ақ үш жылға дейін бұл салада жұмыс істей алмайды.

Бижамал Жүсіпова, балабақша меңгерушісі:

– Қазіргі таңда балаларға қол жұмсаған тәрбиеші жұмыстан босатылды. Тергеу аяқталған соң барлық жауапты тұлғалар лайықты жазасын алатын болады.