Субсидия: шығысқазақстандық шаруалар дабыл қағып отыр

Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялаудағы жаңа реформалар жағдайды ушықтыруы мүмкін. Еліміздің шығысындағы шаруалар өзгерістерге әлі түзетулер енгізу керек екенін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың ойынша, қазір ауыл шаруашылығы саласын қолдауды күшейту қажет.

Қуаныш Сүлейменов – Шалабай ауылындағы асыл тұқымды мал зауытының басшысы. Сенат депутатымен кездескен шаруа селекциялық жұмыстарға төленетін субсидияның аз екенін айтады. Бір сиыр үшін берілетін 15 мың теңге мамандарға төленетін қаражатты айтпағанда, өзге шығындарды да өтемейді екен. Шаруа қожалығы иесінің айтуынша, субсидияларды қысқартып, жеңілдетілген несиеге көшу – жағдайдың нашарлауына әкеп соғады.

Қуаныш Сүлейменов, асыл тұқымды мал зауытының директоры:

- Елді мекендерде жер өте арзан. Мұндағы жылжымайтын мүлік құны да төмен бағаланады. Ал 100 миллионға комбайн сатып алғыңыз келсе, онда қолда бардың бәрін кепілдікке қоясыз. Бұл шаруалар үшін тиімсіз.

Еліміздегі асыл тұқымды ірі зауыттың өзі несие алу үшін бар мүлікті кепілдікке қоюға мәжбүр болған. Оған қоса комбайн алу үшін несие рәсімдеу жұмыстары 8 айға созылыпты. Соның салдарынан егінді ескі техникамен жинаған. Оның жөндеу жұмыстарына да қыруар қаржы жұмсапты. Сондықтан субсидия көлемін арттыру керек дейді шаруалар. Тіпті ауылдарда тұрғын үй салу мәселесін де қарастыру керек екенін айтады.

Ольга Булавкина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Шаруа қожалықтарының иелері жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін тұрғын үйдің жарты ақшасын төлеп алуға да дайын. Сондай-ақ, төленетін жалақыны да субсидиялау мәселесі көтерілді. Өйткені елді мекендердегі жалақы мөлшері өте төмен. 60-70 мың теңге ғана.

Ауыл тұрғындары заңдағы кей тұжырымдарға да наразы. Шаруашылық мақсаттағы жерлерді бөлу кезінде үнемі жанжал туындайды. Өйткені «жерді жалға алудың басым құқығы сол ауылда, қалада, ауданда тұратындарға тиесілі» деп ережеде үтірмен көрсетіліп жазылған. Салдарынан әртүрлі ауылдық округтердің тұрғындары арасында шу шығады. Тәжірибе мен білімге қойылатын талапта да осындай олқылық бар.

Сәкен Сатпеков, Жарма ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Тікелей ауылшаруашылық саласы бойынша білімі бар, тікелей еңбекке араласатын және ауыл шаруашылығында тәжірибесі бар адамдарға беріледі. Міне, бұл заңда да үтір арқылы жазылған. Соның кесірінен дау туып отыр. Енді біз осы мәселенің аражігін ажыратқымыз келеді.

Аражікті ажырату – әр үміткердің жер алу үшін барлық немесе бір ғана талапқа сай болуын анықтайды. Енді бұл мәселе Сенатта қаралып, министрлікке жеткізіледі. Ауыл тұрғындары заңдағы жаңа реформа түйткілді түйінді шешуге ықпал етеді деп үміттенеді.

Асланбек Шығыр, Анель Есенбердина, Жигер Бабакано