Елде сегіз мың адам алимент төлемей жүр

Былтыр елімізде алимент төлеуден жалтарған 316 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл тізімді әлі 8 мың адам толықтыруы мүмкін. Өз баласының алаңсыз күн көруіне қолғабыс етпей жүргендер бұл. Себеп әртүрлі. Енді сот орындаушылар тараптарды татуластыруға бел буған. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде әрбір екінші азаматтық іс ортақ шешіммен аяқталады.

Бауыр еті баласынан бес тиынын аяп жүргендер көп. Мәселе жыл өткен сайын күрделеніп келеді. 8000 қазақстандық осындай борышкер сапында. Мемлекет олардың ұрпақ алдындағы міндетін мәжбүрлеп өндіруге кіріскен. Көнбегендерін қылмыстық жауапкершілік күтіп тұр. 2019 жылы бар-болғаны 62 борышкерге жаза қолданылды. Жоғарғы соттың «Сот актілерін орындамағаны үшін жауаптылық туралы» нормативтік қаулысына өзгеріс енгізілгелі олардың саны еселеп артқан.

Қанат Мусин, ҚР әділет министрі:

- 2021 жылы 316 борышкер қылмыстық жауапқа тартылды. Оның 159-ы сотталған. 157-сінің істері қысқартылған, бірақ ақталмайтын негіздермен қысқартылған. Қандай жаза берілгенін мен қазір анық айта алмаймын. Өйткені менде деректері жоқ. Бірақ та бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Қостанайдағы жеке сот орындаушы, құрметті заңгер Несібелі Бәсенова алиментті өндіру үрдісін қайта қарауды ұсынды. Себебі шынында жұмыссыз жүрген не табысы төмен азаматтар млн-даған қарызын өтей алмайды. Сол үшін алимент төлеуді орташа есеппен емес, әр өңірге жекелей белгілеу керек дейді.

Несібелі Бәсенова, ҚР құрметті заңгері, жеке сот орындаушы:

- Ол жерде де өзгерістер енгізу керек деп есептеймін. Қатаң деп айта алмаймын. Себебі әкімшілік құқықтық кодексте көрсетілген 1-5 күн тәулікке дейін бас бостандығынан босату, ол кішкентай ғана мерзім. Сот бес дегенді бермейді де, 2 сутка береді. Борышкер сезінбейтін сияқты жауапкершілігін. Ал қылмыстық жауапкершілік ол тағы да бір бөлек, бас бостандығынан айырсақ та, ол қайтадан мемлекеттің мойнында болады. Оның тамағы, киімі деген сияқты. Ол жерде басқаша болуға тиісті шығар деп есептеймін.

Былтыр елімізде 6000 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алимент өндіру күн тәртібінен түспей тұрған түйткіл. Сан түрлі ұсыныс айтылды. Заңға өзгерістер еніп жатыр. Жаза қатаңдады. Алайда көпшілік күткен нәтиженің аулы алыс сияқты. Неге?

Қанат Мусин, ҚР әділет министрі:

- Қиын сұрақ. Бұл адамның өзіне байланысты. Мысалы, 8000 адам қасақана төлемей жүр дейміз, иә? Одан басқа 300 мың адамдай еркін төлеп жүр ғой. Бұл адамға байланысты. Біреудің жағдайы болмай тұрады. Ол төлеуге дайын шығар. Біреу қасақана қашып жүр содан.

Жоғарыда мысал еткен қостанайлық сот орындаушылар борышкер мен талапкерді татуластыру жайын ойлап қойған. Әділет министрлігі бұл бастамаға қолдау білдірді. Қазір әрбір екінші азаматтық іс татуласумен аяқталады. Бір ай ішінде алимент өндіруде белсенділік танытпаған жеке сот орындаушы лицензиясынан айырылады. 

Мерей Мұратханқызы, Жандос Битабаров