СҚО-да егістік жұмыстары қиынға соғуы мүмкін

Сәтін салса, келер айдың соңында Солтүстік Қазақстанда көктемгі дала жұмыстары басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл ретте диқандар ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті қосалқы бөлшектер өңірге уақытылы жетпей қалуы мүмкін деп алаңдап отыр. Оның үстіне олардың бағасы да бірнеше есе қымбаттап кеткен. Ресейге салынған санкциялардың салдарынан кейбір шаруалар машина трактор паркін жаңарта алмай отыр. Солтүстікқазақстандық Юрий Искаковтың егін шаруашылығымен айналыса бастағанына бірнеше жыл болды. Ризығын жерден тапқан шаруа биыл өнімділігі жоғары трактор сатып алмақ болған. Бірақ оның бағасы күрт қымбаттап кеткен. 

ЮРИЙ ИСКАКОВ, ШАРУА

– Лизингке алам ғой деп жүрген едім. Теңгенің тұрақсыздығына байланысты келісімшарт жасасу мерзімі кейінгі шегерілді. Артынша бағасы бірден бес миллион теңгеге қымбаттап кетті. Сондықтан енді басқа трактор сатып алуға шешім қабылдадым.

Жасыратыны жоқ, Қазақстан – импортқа тәуелді. Яғни өнімділігі жоғары ауылшаруашылығы техникалары көбіне шетелден әкелінеді. Қазірдің өзінде оның бағасы 30 процентке өскен. Металдың қымбаттауы да нарыққа әсер етпей қоймады. Мұнымен қоса, қосалқы бөлшектерді жеткізуде қиындықтар туындай бастады. «Сондықтан отандық өндіріске қолдау көрсету қажет», – дейді мамандар. 

Ойрат Мұхамеджанов, ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуші компанияның коммерциялық директоры:

– Қостанайда бастап жатыр. Теміртау бар. Сол Теміртауда ауыл шаруашылығы техникасына рабочий органдар шығарса. Диск, лапа деген сияқты. Отвал, лемих дегендерді бәр жерде шығарса, сол зауыт біздің елде керемет монополист болуға жағдайы бар. Сонда біз өзіміз ақырындап істей аламыз.

Өңір диқандары сәуір айының соңында көктемгі дала жұмыстарына кіріседі. Егістікті уақытылы әрі сапалы ұйымдастыру үшін Президент жолауындағы тапсырмаларға сәйкес өңірде арнайы жедел штаб құрылды.   

Мейрам Меңдібаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Ресеймен Украина арасындағы қақтығыстың салдары бізгеде әсерін тигізбей қоймады. Қазір біз шетелдік өндіруші компаниялармен арнайы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қосалқы бөлшектер бойынша өзімізде де монитроионг жүргіздік. Әзірге қоймаларда қажеттілері бар.

Жанар-жағармайға қатысты әзір проблема жоқ. Облысқа 71 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Оның алғашқы партиясы өңірге жеткізілді. 

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Биыл 2,7 миллион гектар алқапқа 170 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңіріледі. Бірақ оның да бағасы үш есеге дейін қымбаттап кеткен. Сондықтан ауыл шаруашылығы басқармасындағылар республикалық бюджетке қосымша өтініш беруді жоспарлап отыр.  

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов