Алматының Ботаника бағында бәйшешек гүлдеді

Алматыдағы Ботаника бағында бәйшешек гүлдеді. Көктемнің белгісі саналатын өсімдіктер кешегі қарлы бораннан аман қалған. Өйткені олар эволюциялық дамуы арқасында кез келген ауа райына төзімді келеді. Еліміздегі құбылмалы ауа райына шыдамды көктем гүлі туралы баяндаймыз.

Алматыда өткен тәулікте жауған қар түн ортасында бәсеңсіді. Ботаникалық бақтағы гүл жарып үлгерген бәйшешектер ауа райының мұндай мінезіне бейімделген. Қарлы аязда бүр жарған гүлдері жабылып, үсікке шыдамды болады. Бүгін күнмен бірге қайта ашылған бәйшешектер жалпы 10-14 күнге дейін ғана гүлдейді.

Ботаника бағының ғылыми қызметкері:

- Бұлар күтімді көп қажет етпейді. Қысқа мерзімді өсімдік түрі болғандықтан арамшөптер аз болса жеткілікті. Суарып та керек емес. Еріген қардың суы жеткілікті.

Бақтың оңтүстік бөлігінде көктем, жаз және күз айларында әсем түспен әрленіп тұруы үшін маусымдық гүлдер өз ретімен гүлдеп отырады. Мұнда мамыр айынан бастап Қызғалдақ, Нәркес, Құртқашаш гүлдейді. Қала тұрғындарының көктемдік гүлдерге қызығушылығы ерекше.

Ескендір Сатеков, Ботаникалық бақтың ғылыми қызметкері:

- Көктемдік гүлдер туралы аңыз бар. Адам мен Хауа ана жұмақтан қуылған соң Хауа ана жаурап жылаған. Жаратушы жерге жылу беріп, көктем гүлдері гүлдеген. Сондықтан бұл гүлдер көктемдегі жылылықтың және үміттің белгісі.

Ботаникалық бақта 3 мыңнан астам өсімдік түрі бар. Олардың арасында тропикалық, дәрілік сынды түрлері де кездеседі. Басым бөлігі жерсіндірілген. Мысалы, раушан гүлінің 17 түрі бар. Олар жаз бойы гүлдеп тұрады.

Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев