Ел азаматтары 1 сәуірден бастап Кореяға визасыз бара алады

Ел азаматтары 1 сәуірден бастап Кореяға визасыз бара алады
СІМ баспасөз қызметі

ҚР Үкіметі мен Корея Республикасы арасындағы қазақстандық азаматтарға қатысты визалық талаптарды өзара жою туралы келісімге келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұған дейін оны Оңтүстік Корея тарапы COVID-19 пандемиясына байланысты тоқтатты. Осылайша Қазақстан азаматтары, яғни ұлттық паспорттардың иелері Кореяға 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз қайта кіре алады. Корея Республикасында еңбек етуге, білім алуға немесе Оңтүстік Корея аумағында тұруға ниет болған жағдайда тиісті визаны алу қажет. Сонымен қатар қазіргі уақытта шетелдік азаматтардың Корея Республикасына кіруін авторизациялаудың «К-ЕТА» электрондық жүйесі жұмыс істейтінін ескеру қажет. Оған сәйкес елге визасыз режим негізінде келетін шетелдіктерге ұшуға дейін кемінде 24 сағат бұрын www.k-eta.go.kr сайты арқылы жоспарланған сапар туралы электрондық хабарлама түрінде өтініш беру және содан кейін Оңтүстік Корея билігінің елге кіруге рұқсатын алу талап етіледі. Мұндай рұқсат болмаған жағдайда әуекомпания ұшаққа отырғызбайды.

Сондай-ақ Корея Республикасына баратын азаматтарға осы елде қолданылатын эпидемияға қарсы шаралар туралы ақпаратты Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының консулдық мекемелерінде алдын ала нақтылауға кеңес береміз.