Оралдың шеткі шағын аудандарында көлік қатынасы қиындады

Еріген қар суы көшелерді шайып жатыр. Жаяу жүру де қолайсыз. Тұрғындар қала тазалығына жауапты коммуналдық кәсіпорын жұмысына наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салғырттық салдары табиғи апатқа апарып соға ма деп алаңдайды. Үш өзеннің тоғысқан тұсында орналасқан шаһарда тасқын қаупі де бар.

Бұл – «Екінші жұмысшы» шағын ауданы. Күн жылысымен көшелерді су шайды. Коммуналдық кәсіпорын тазалап кеткенімен, көп кешікпей қайта көлдария болады. Кейбір үйлердің ауласына да су кіріп жатыр. Тұрғындар қыс бойы қардың уақытылы тазартылмағанын айтады.

Ермек Ғұмаров, қала тұрғыны:

Жыл сайын осылай. Су толады да тұрады. Тазалық жағы шамалы.  +Қардың мәселесі де сол. Уақытында алынбайды.

Айбар  Жәрдем, қала тұрғыны:

– Мына жердің жолын жөндесе жақсы болар еді. Су көктем мезгілінде. Әкімдікке айттық. Мына жердегі тұрғындардың бәрі шағым түсірді. Бірақ әлі өзгеріс жоқ.

Осы ықшам аудандағы Жақсығұлов көшесінде қазандай ойықтар көп. Сол ойықтар суға толып қалған. Бірер жыл бұрын жолды жөндеу жұмыстары басталып, қазып кеткен екен. Алайда аяқсыз қалған. Сот шешімімен мердігер жауапсыз деп танылып, жоба тоқтатылды. Ал көше сұрықсыз күйінде қала берді. Көктем келісімен көлік қатынасы тіптен қиындап кетті.

Владимир Кучкин, жүргізуші:

Осы жолдың кесірінен көліктің бамперін екі рет сындырып алдым. Ашхабад көшесімен айналып өтуге болады. Бірақ қазір ол жолды да су басып жатыр. Әкімдікке бірнеше рет барып айттық. Нәтиже жоқ. Жолдың құрылысы да басталмайды, көшелер де уақытында тазартылмайды.

Коммуналдық кәсіпорын өкілдері қар суын сорғызуға 250 адам мен 40 шақты арнайы техника жұмылдырылғанын айтты. Бұл еңбек күші мен құрал-жабдықтар тиісті жұмыстарға толық жеткілікті екенін алға тартып отыр. Әйткенмен мамандар қала инфрақұрылымының нашарлығы кері әсерін тигізіп тұрғанын жасырмады.

Талғат Наушин, коммуналдық кәсіпорын директорының орынбасары:

Бізде 19 вакуум машина жасайды. 15 поливомоечная машина, сосын 5 андижанс деген техника жұмыс істейді. Күнделікті екі ауысымда жұмыс істейміз. Таңғы 8-ден кешкі 7-ге дейін. Сосын кешкі 8-ден таңғы 7-ге дейін. Техникамыз жеткілікті. Күніне 2000-2300 куб шығады су. 01.27. Жолдың көбі сай бізде. Сол сайға су жиналады да содан кейін сол су ешқайда кете алмайды. Сол себепті бізде жыл сайын осындай.

Төтенше жағдайлар басқармасы қалада әзірге ешбір тұрғын үйге су кірмегенін мәлімдеді. Алайда тасқын қаупі барын растады. Қауіпті аумақтар қатарында дәл осы Екінші жұмысшы, сондай-ақ «Ескі қала», «Ет комбинаты», «Жұлдыз», «Сарытау» шағын аудандары бар.

Асланбек Хайруллин, қалалық ТЖБ инженері:

Ол елді мекендер тайыз жерде орналасқан. Яғни Сарытау елді мекенін айтатын болсақ, бұл елді мекені Орал тауының жағалауында орналасқандықтан қар суының тез еруіне байланысты сондай қауіп төнуі есептеледі. 2021 жылы таулы жағалау бетінен арық, каналдар қазылды. Күніне 10 шақты звоноктан келіп түседі. Сол жұмыстарға біздің қызметкерлер барып, қадағалап, алғашқы көмектерін көрсетуде. Су тасқыны қаупін жою үшін 41 техника дайын тұр.

Тасқынға тосқын болу – қалғып кетуді қаламайтын шаруа. Сондықтан тұрғындар табиғи апаттың алдын алу үшін қала көшелерін уақытылы тазартуға мән беруді сұрап отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов