Елорда маңындағы жұрт белшеден батпақ кешіп жүр

Үшқоз елді мекенінің тұрғындары жолдың жырын айтып, редакциямызға хабарласты. Былтыр құбыр тартамыз деп қазып тастаған күре жол әлі жөнделмеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күн жылығанда бұл елді мекен маңайы саз батпаққа айналыпты.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

– Бұл елорда маңындағы Үшқоз тұрғын алабы. Мұндағы жұрттың мұңын тыңдаймын деп келіп, өзім де батпаққа белшеден баттым. Былтыр күзде газ тартамыз деп жолды қазып тастапты. Содан бері тұрғындар көрген күніміз осы дейді.

Баламды көтеріп садикке апара алмаймын. Өзім құлап, балам да құлап жатады. Өткенде автобустың астына түсіп қала жаздадым.

Үшқоз Нұр-Сұлтанға қарасты елді мекен. Жергілікті билік былтыр күзде кәріз және газ құбырларын тартып, мұндағы үлкен жолды қазып тастапты. Құбырлар толық тартылғанымен, жол жөндеу жұмыстары аяқсыз қалған. Қыс бойы қар астында білінбегенімен, күн күрт жылынып, саз батпаққа айналған жол тұрғындарды әлекке салды. Қаладан қатынайтын автобус та жолдың сиқынан ауыл ішіне кірмейтін болған. Мердігер компания ешкіммен санаспаса керек, жүргіншіге жол да салып бермепті. Оқушылар күн жылынғалы мектепке белуардан саз кешіп баратын болған.

– Балам аяқ киімі батпақта қалып қойып, бір етігі жоқ үйге жалаңаяқ келді. Күннің жылығанына екі-ақ күн болды, бұдан әрі жылыса, біз батпақтың астында қалатын шығармыз.

– Осы жол мәселесімен біз қыркүйек  айынан бері алысып келеміз. Бармаған жеріміз жоқ. Тыңдап жатқан ешкім жоқ бізді. Балаларымыз неше рет құлады, бұл жерде.

– Ойыққа түсіп, балам батпаққа батып қалса, балама кім қарайды. Автобус кірмейді. Трассаға дейін барамыз.

– Мына жолды қазғаннан кейін, топырақты үйдің алдына үйіп қойды. Кешеден бері үйге су кіріп жатыр.

– Батпақ етікпен қалаға шығуға ұят. Әне, әкім киіп алыпты ғой. Ондай етікпен қалай барам. Етігімді сүйреймін бе, баламды көтерем бе?

Мұнда келерде әкімдікіндей резеңке етігіңізді сайлап келіңіз. Әйтпесе, сор батпақ кешіп, сор боласыз. Себебі бұл жолмен бала түгілі ересек адамның жүріп өтуі неғайбыл. Осы елді мекенге жауапты Мадияр Тұқпатов тұрғындарды сабырлыққа шақырып әлек. Жақында бәрі реттеледі деп отыр.

Мадияр Тұқпатов, Алматы ауданы әкімдігінің бас инспекторы:

– 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласы көлік басқармасымен мына жұмыстар басталды. Жаңағы инженерлік сетьттарды салу жұмыстары басталды, жол жұмыстары. Былтыр басталып, былтыр аяқталды. Бүгін, осы жылы қазір көктем шығады, содан бастап техникалар қойып, техникалар шығады. Техника осы бәрі дайын тұр. Күн жылынғанын, тонын түскенін күтіп отыр. Одан кейін жұмыстар әрі қарай басталады, оған тиесілі қаражат бөлінді, қаражаттар барлығы бар.

Тұрғындардың мұңын айтып, Алматы ауданы әкімдігіне де бардық. Жауапты мамандар Үшқоз тұрғын алабындағы жол биыл жазға дейін толығымен жөнделеді деп сендірді.

Дархан Сейітханов, Алматы ауданы әкімдігі инфрақұрылым бөлімінің басшысы:

– Барлық қазіргі инженерлік жүйелер салынды. Осы жылға бізге қаражат қарастырылған тек қана енді жол төсеу ғана қалды осы жылға. Қала әкімдігі атынан бізде бұл жұмысқа жауапты ол – жол басқармасы. Енді сол кісілердің ақпараттарына сәйкес қазіргі уақытта қолайлы ауа-райы келген жағдайда, осы жылы жаз айында бітетін болады жұмыстардың барлығы.

Алайда, үшхоздықтар жол жөнделгенге дейін жергілікті билік бір амалын тапса екен дейді. Әйтпесе, жер құрғағанша саз балшық кешуге тура келеді.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Еркежан Социалова, Жандос Битабаров