Елорда мектептерінің айналасы ми батпаққа айналған

Мектепте 4-тоқсан басталды. Демалыстан шыққан оқушы жол ортада батпаққа батып, әлекке түсіп жатыр. Бұл – Елордадағы мектептің айналасында болып жатқан жағдай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл Елорда ішіндегі мектепке апарар жол. Қар еріп, балшық иленіп жатыр. Көктем шыға қатынас күрт қиындаған. Көлік түгілі, жаяу жүру мүмкін емес, – дейді тұрғындар. Осының кесірінен мектепке барар жолда күнде көлік кептеледі. Оқушылар да білім ордасына жеткенше батпаққа белшеден батамыз деп мұңайяды.

Бұл Ахмет Байтұрсынұлы көшесіндегі мектептің айналасындағы жол. Қаланың басқа бөлігі де жетісіп тұрған жоқ. Мысалы, мына мектепке жету тіпті қияметке тең. Зиялы мектеп саналатын білім ордасының оқушылары батпаққа белуардан батып жүр. Елорданың қақ ортасында жүрсе де, балалар аяқтарына жылтыр дорба киюге мәжбүр. Жергілікті билік өкілдері бұл мәселеден хабардар. Шұрқ тесік жолды жөндеуді жоспарлап отыр. Бірақ бүгін-ертең емес. Жер қарайғанда бірден іске кіріспек.  

Олжас Шабданов, көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

– Біз бірінші қыркүйекке дейін жол мәселесін толық аяқтап, абаттандыру жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ қазір орташа ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында жаяу жүргіншілердің жүруіне арналған жерге инертті материал төсеу жоспарда бар. Алдағы сенбі-жексенбі күндері тротуарды жөндеу басталады.

Жол жөнделеді деп сенейік. Бірақ кез келген әлеуметтік нысан тапсырылған кезде оның инфрақұрылымы да сақадай сай болуы тиіс емес пе?! Жұртты мазалайтын осы мәселе.

Бұл мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған. Ал арада қандай келісім болғаны бізге беймәлім. Белгілісі көктем шықса, көп жол ойдым-ойдым болып, миы шығып жататын сол көрініс.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Асхат Ниязов, Ырыстанбек Оспанов