Алматыдағы «Рахат» базарынан шу шықты

Алматының «Рахат» базарында жұмыс істейтін кәсіпкерлер бүгін наразылық акциясын өткізді. Олар Жетісу аудандық әкімдігінің «орындарыңды босатыңдар» деген талабына қарсы шықты. Олар әкімдік жалға беру мерзімін ұзартып беруін талап етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Рахат» базары Алматының әйгілі барахолкасында орналасқан. Мұнда 150-ге жуық кәсіпкер бар. Базар орналасқан жерді «ТКМ» компаниясы мемлекеттен жалға алып келген. Бірақ әкімдік жалға беру келісім-шартын ұзартпай, кәсіпкерлерге орынды босатыңдар депті.

Ләззат Көпербаева, кәсіпкер:

Біз сонда қайда баруымыз керек? 20 жыл тұрған жерімізден неліктен біз кетуіміз керек? Әр кәсіпкердің өздерінің сатушысы бар. Жүк көтерушілеріміз бар. Кезінде бәленбай мың долларға сатып алып, ішін жасадық қой.

Тамара Қуандықова, кәсіпкер:

– Бізге орын береміз деді. Орын бергенде олар цокольныйдан береміз дейді. Цокольныйда подвалда. Подвалға кім барады?

Мәселе 4 жыл бұрын туындаған. Әкімдік «Зираттың санитарлық қорғау аймағында орналасқан» деген сылтаумен жалға беру мерзімін ұзартпай тастайды. Есесіне осы аумақты «Алматы CPS» фирмасына жиһаз фабрикасын салу үшін 5 жылға жалға берген. Бұл шешімге наразы болған кәсіпкерлер сотқа жүгініп, ол шешімнің күші жойылады.  

Алмас Садуақас, тілші:

Ал Жетісу ауданы әкімінің айтуынша «Рахат» базарының басшылығы 3 жылдан бері кәсіпкерлерден сауда орындарын жалдау құнын заңсыз жинаған. Алматы қалалық сотының шешімі бойынша базар орналасқан жер мемлекет меншігінде. Енді ол жерді босату үшін кәсіпкерлерге 1 ай уақыт беріліпті. Бірақ әкімдіктің бұл талабымен кәсіпкерлер келіспейді. 

Гүлнәр Көкебаева, Жетісу ауданының әкімі:

– Жалға беруді ұзарту жөніндегі арызды олар жақында ғана берді. Сот шешімі бойынша «ТКМ» серіктесітігінде ешқандай артықшылық құқық жоқ. Енді ол жерде базар болмайды. Бірақ, алдағы уақытта  қандай мақсатта игерілетінін қалалық  Жер қатынастарынан анықтап сұрау керек. Кәсіпкерлерге  көрші базарлардан бос  орындар ұсындық. Айта кетерлігі, олардың кейбірі осындай келісімге көнді. Дегенмен бұл мәселе қала әкімінің қарауында жатыр. Қалалық әкімдік менің бұл  әрекетімді қолдайды деп үміттенемін. 

Ал бұл даудың бас-аяғында жүрген жер қатынастары жөніндегі заңгер Бақытжан Базарбектің айтуынша сот шешіміне сәйкес Жетісу аудандық әкімдігі жерді жалға беру жөнінде жаңа қаулы шығару керек. Бірақ ол орындалмай отыр дейді.

Бақытжан Базарбек, заңгер:

– Егер де әкімдік тиісті осы шарттарға келісетін болса, осы шарттар бойынша кәсіпкерлер өзінің базарын жаңартуға тиісті шығындарын көтеріп, жаңартуға тиісті қадам жасаса кәсіпкерлер сол қадамға барса, ал әкімдік сол шарттарды қабылдаса мұндай жағдайларда бұл дау жоққа шығады. Ал егер әкімдіктің тарапынан кетіңдер деген позиция тұрса бұл біріншіден Жер кодексінің талаптарын бұзу деп есептеледі. Екіншіден, соттың шешімдерін орындамау болып есептелінеді.

Егер әкімдік мәмілеге келмесе, «Рахат» базарындағы барлық кәсіпкер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арызданамыз дейді.

Авторлары: А. Садуақас, С. Жұмабаев,